«AMANAT» бастамасы: ауыл кәсіпкерлігі мен этнотуризмнің жаңа мүмкіндіктері
«Марьин утес» ескерткіші маңында ұлттық ат туризмін дамытуға бағытталған этноауыл іске қосылды
«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлерін қолдаудың тиімді тетігіне айналып, өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына және ауыл экономикасының жандануына айтарлықтай серпін беріп отыр, деп жазады Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Партияның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен ауыл туризмін дамытуға бағытталған нақты нәтижелерімен ерекшеленуде. Соның жарқын үлгісі – кәсіпкер Назым Қыстаубаеваның этноауыл жобасы. «AMANAT» партиясының жүйелі қолдауының арқасында Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы аумағындағы көрікті «Марьин утес» ескерткіші маңында ұлттық ат туризмін дамытуға бағытталған этноауыл іске қосылды. Бүгінде бұл жоба аудан тұрғындары мен өңір қонақтарына сапалы туристік қызмет ұсынып, ауыл экономикасына жаңа серпін беріп отыр. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тауып, кәсіпкер 8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыға қол жеткізген.
Бөлінген қаражат есебінен пони мен жылқылар сатып алынып, этностильде безендірілген екі киіз үй жабдықталды. Сонымен қатар келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен және мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік жасалған. Бұл бастама ауыл туризмін дамытумен қатар, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға жол ашып отыр.Бүгінде этноауыл өңір тұрғындары мен туристер үшін тартымды демалыс орнына айналды. Келушілер табиғат аясында тынығып қана қоймай, атпен серуендеу, ұлттық дәстүрлермен танысу және қазақы болмысты сезіну мүмкіндігіне ие.
Кәсіпкер Назым Қыстаубаеваның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы жеке кәсіпті кеңейтуге ғана емес, ұлттық мәдениетті дәріптеуге де зор мүмкіндік беріп отыр.
«AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған «Ауыл аманаты» жобасының арқасында кәсібімізді кеңейтіп, ұлттық мәдениетімізді туристерге кеңінен таныстыруға жол ашылды. Этноауыл ашу – көптен бергі арманымыз болатын. Бүгінде келушілер саны артып келеді. Алдағы уақытта қызмет түрлерін кеңейтіп, жаңа туристік бағыттарды іске қосуды жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді. «Ауыл аманаты» сынды жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және тұрақты дамуға бағытталған нақты нәтижелі саясаттың көрінісі.