Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті
Жас жігіт шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылған
Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүргенде ауыр ми жарақатын алған Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлады. Жас жігіт шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жатқызылды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Ербаянның оңалту және қалпына келтіру маманы мәлімдеді.
«Ресми түрде хабарлаймын: кеше Мұхтар Ербаян шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді. Қазіргі уақытта жағдайының нашарлағаны байқалып отыр», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ол сарбаздың ата-анасы әзірге баласының денсаулығы туралы толық ақпарат ала алмай отырғанын айтып, қазақстандықтарды Ербаян мен оның отбасына қолдау көрсетуге шақырды.
Ербаян Мұхтардың ісі: не болды?
Еске салайық, Ербаян Мұхтар Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз бас-ми жарақатын алып, кейін комаға түскен. Әскери бөлім өкілдері туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын айтқан.
Ауруханаға түскен кезде оған мидың ауыр соғылуы, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр жарақаттар диагнозы қойылған. Сарбазбен нақты не болғаны туралы толық ақпарат Instagram желісіндегі Erbayan2024 парақшасында жарияланған.
ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі қатардағы жауынгер Мұхтардың бас жарақатын алу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабы 3-бөлігі 4-тармағы – «Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қарым-қатынас қағидаларын бұзу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Сарбаз отбасының қорғаушысы Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Ербаянның жарақат алуына қатысты айтқан мәлімдемесіне пікір білдірген болатын.
Мүгедек болып қалған сарбаздың әкесі ұлының жағдайын айтып отырып, көз жасына ерік берген. Емдік массаж маманы Ұлпан Серікбаева бір ай бойы Ербаянмен жұмыс істегенін айтқан. Оның сөзінше, Ербаян қазір есіней алады, бұған дейін мұндай мүмкіндігі болмаған. Тыныс алу жүйесінің жұмысы жақсарып, 10–20 минут аралығында өздігінен тыныс ала алатын жағдайға жеткен.
Қазақстандықтар Ербаянның еміне шамамен 230 млн теңге жинап берген. Бұл қаражат шетелдегі үш айлық оңалту еміне жетеді. Алғашында Ербаянды Германияға апару жоспарланғанымен, ол жақтағы дәрігерлер қазіргі жағдайында қабылдауға дайын болмаған. Кейін Түркия дәрігерлері келісім бергенін Инга Иманбай хабарлаған. 27 қыркүйекте Ербаян Мұхтар ата-анасымен бірге Ыстанбұлға аман-есен жеткен. Ұзақ ұшуды жақсы көтергені айтылған.
Қараша айында ол Түркиядағы емінің кезекті кезеңін аяқтап, Астанаға оралды.
14 қазанда Ербаян ісіне байланысты дәрігерлер әрекетіне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Әскерилер мен медицина қызметкерлеріне қатысты екі қылмыстық істі Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы бөлімінің басшысы тергеп жатыр.