«Балаларым мемлекет қарауында қалсын»: Шымкентте өз перзенттерін азаптаған әйел күйеуін нашақор деп айыптады (ВИДЕО)
Оның айтуынша, күйеуі мен енесі балаларды тек жәрдемақы үшін ғана өз қамқорлықтарына алмақ
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Шымкентте өз балаларына қорлық көрсетіп, азапатаған әйелге сот үкімі шығып, ол 5 жыл 3 айға сотталды. Бірақ, сот отырысынан кейін әйел балаларын жетімдер үйіне тапсыруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот әйелдің кінәсі балалардың жауабымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға орнынан алынған материалдармен және айыпталушының өз мойындауымен дәлелденгенін мәлімдеді.
Сотталған әйел сот залында өзінің көп жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтты. Айтуынша, күйеуі Ергеш Бабыр Амарбеков үнемі ұрып-соғып, есірткі қолданып жүрген. Сондай-ақ, күйеуінің туыстары отбасындағы жанжалға араласып, арадағы жағдайды ушықтырғанын жеткізді.
Оның сөзінше, күйеуі шетелге кетіп қалып, өзін төрт баламен қиын жағдайда қалдырған. Үйде тамақ пен газ болмағанын айтқан әйел сол сәтте күйзеліс пен ашуға берілгенін жасырмады.
Онымен қоса сотталушы балаларын енесі мен күйеуінің қолында қалдырмауды сұрап, олардың мемлекет қамқорлығында болғанын қалайтынын айтты.
«Мен он жыл көрген өмірімнен енді жарылдым. Енемді де, күйеуімді де Құдайға тапсырдым. Құдай жазасын берсін, маған не істесе, соны алдына келтірсін деп тілеймін. Балаларымның мемлекетте қалуын сұраймын», - деді сотталушы.
Редакция осы төрт баланың тағдырына қатысты Оқу-ағарту министрлігі Бала құқықтары комитетіне ресми сауал жолдады.