Қазақстанда жас баласы бар әкелерді ғана изоляторға қамау жыныстық кемсітуге жатпайтын болды – Конституциялық сот

Автор: Бақыт Шынар

Сот бұл заң нормасы Конституцияны бұзбайды деп санайды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанда ерекше жағдайларда 14 жасқа толмаған баласы бар әйелдер әкімшілік қамауға алынбайды. Бұған көңілі толмаған азамат Конституциялық соттан осы баптың Ата Заңға сәйкестігін тексеруді сұраған еді. Бүгін конституциялық сот шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, дауланып отырған нормада әкімшілік қамаққа алу он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге, сондай-ақ осы жасқа толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға қолданылмайды деп көзделеді.

Яғни, сот жазып отырғандай, бұл ер адам әйелдер үшін қамаққа алуды қолданбауға он төрт жасқа дейінгі баласының болуы жеткілікті негіз болса, ал ер адамдар үшін осы жастағы баласын жалғыз өзі тәрбиелеу фактісін растау қосымша талап қойылғандықтан, осы құқықтық реттеу заң алдында бәрі тең қағидатын және жынысына байланысты кемсітушілікке тыйым салуды бұзады деп санайды.

«Конституциялық Соттың ұстанымы мынандай: құқықтық реттеудегі айырмашылық жыныс белгісіне емес, ата-ананың балаға үздіксіз күтім жасауды қамтамасыз етуге нақты қатысу дәрежесіне байланысты екенін, сондықтан бұл кемсіту емес. Дауланып отырған нормада қолданылған «он төрт жасқа дейінгі бала» санаты баланың тұрақты күтім мен тәрбиелеуге жоғары деңгейде тәуелділігін айқындайды», - деп хабарлайды сот.

Конституциялық Сот қарау қорытындысы бойынша Кодекстің 50-бабының екінші бөлігін Конституцияға сәйкес келеді деп танып, Үкіметке – әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдардың санаттарына қатысты Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес әкімшілік қамаққа алуды қолдану мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруді қарау, ал Жоғарғы Сотқа істердің осы санаты бойынша сот практикасын жинақтап қорыту және тиісті түсіндірулер беру ұсынымы жасалды.