Өкінішке қарай, бала туғанынан бері жарық өмірді көрмейді
Маңғыстау облысында тұратын 3 жасар Айсұлтан туғанынан зағип. Әлеуметтік желіде баласының күнделікті өмірі мен жеңісін желіге салып отыратын ана қазақстандықтардың көңілін елжіретіп жүр, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Балам бұл өмірге уақытынан ерте, 34 аптасында 2500 грамм, 48 см болып келді. Өмір үшін үлкен күресті бастаған батырым. 21 күн болғанда дәрігерлер «балаңыздың көзі көрмейді, қайта тексерілуге келіңіз» деді», - деп бөлісті анасы.
Ата-анасы оның есейген кезінде қиналмай жүруі үшін оны осы кезден өмірге үйретіп жүр деуге болады. Яғни, анасы баласына таяқ ұстатып, жан-жағын сезуді, сатыдан түсіп, жүріп-тұруды үйретеді және оның видеоға түсіріп, желіге жүктейді.
Сондай видеолардың бірі қазір желіде қатты таралып жатыр. Бейнежазбада Айсұлтан баспалдақтан түсіп келе жатыр. Анасына «мені далада тастап кетпейсің ғой» деген сәбидің сөзі қазақстандықтардың ет-жүрегін елжіретіп, көпшілік анасына қолдау танытқан. Тіпті, шетелдіктердің өзі Айсұлтанға сый-сыяпат жасағысы келіп, оған жылы сөздерін арнаған.
«Айсұлтанның анасы, мен Оңтүстік Кореяда тұрамын. Сіздің оқиғаңыз менің жүрегіме қатты әсер етті. Көзілдірік тағып, кішкентай аяқтарымен тыпырлап жүрген сол кішкентай балақайға қарап отырып, еріксіз жылап отырмын, тоқтай алар емеспін...Менің атым Хари. Егер рұқсат етсеңіз, мен шетелдегі оның тәтесі болғым келеді. Кейде оған тәттілер мен сыйлықтар жіберіп тұрсам бола ма?», - деп шетелдіктер де жазған.