Бүгін, 15:35
Қоғам

«Үкімге күмән болған жоқ»: Шерзат Полаттың ісін қараған судья жаза және жеке өмірі жайлы алғаш рет сұхбат берді (ВИДЕО)

Ержан Жанұзақов бұл іске тура бір жыл бұрын нүкте қойған еді

Тура бір жыл бұрын Қазақстанда 16 жастағы бозбала Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот ашық форматта өтіп жатқан еді. Тоғыз күдіктінің ісін Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Жанұзақов қарап, 5 маусым күні үкім шығарған еді. Бұған дейін бірде-бір БАҚ өкіліне сұхбат бермеген Ержан Жанұзақов Azattyq Rýhy редакциясына эксклюзив сұхбат беріп, туған жері, жеке өмірі және тергеушіден судьяға дейінгі қызмет жолы және сол резонансты істі еске алды. Сұхбаттың Youtube-арнамыздағы нұсқасынан бөлек, сайт оқырмандары үшін Ержан Жанұзақовтың толық сұхбатын ұсынып отырмыз. 

– Ержан Серікқазыұлы, Сізді бүкіл Қазақстанның танып-білгеніне тура бір жыл болды. Осы сұхбатқа дайындалғанда, әрине, Сіз туралы ақпарат іздедім. Бірақ қызметтік жылдарыңыздан басқа бірде-бір сұхбатыңызды, болмаса, Шерзат Болат ісінен басқа, сіз төраға болған істер туралы мәлімет таппадым. Сондықтан бір-бірімен мәндес бірнеше сұрақты қатар қойсам: осы резонансты іс аяқталғаннан бері ешкім Сізден сұхбат алғысы келмеді ме, әлде Сіздің өзіңіз бас тарттыңыз ба? Егер ұсыныстар болып, бас тартқан болсаңыз, оның себебі неде?

– Тікелей бұл іс аяқталған кезде ұсыныстар болды. Бір жағынан үкім заңды күшіне енбегендіктен, сұхбат беруге дайын болмадық. Ол – үкімге сенімді болмағанымнан емес, өзім шығарған үкімнің әділ екеніне сенімді болдым. Бірақ үкім заңды күшіне енбеген соң, өзімнің ұстанымыма сай сұхбат беруден бас тартып жүрдім. Ал қазір үкім заңды күшіне енді, сондықтан Сіздерге сұхбат беруге келістім.

– Мен ғана емес, осы атышулы істен кейін әріптестерімнің көбі де Сіз жайлы ақпарат іздегеніне сенімдімін. Негізі, Ержан Жанұзақовтың туған жері мен өскен ортасы, ата-анасы мен бауырлары, отбасы мен бала-шағасы туралы сұрақ қойсам, ыңғайсыз болар деп көп ойладым. Бірақ маған сұхбат беріп отырған адам туралы қаншалықты көбірек білсем, оны қоғамға соншалықты өз қалпында таныстыра алар едім. Өміріңіздің ел білуге болатындай шекарасынан аспай, өзіңіз жайлы әңгімелеп бересіз бе?

– Менің туған жерім – кезіндегі Семей облысы, қазіргі Абай облысы, Үржар ауданы, Жаңатілек ауылы болған. Отбасымызда бес баламыз. Әкем ес білгелі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеген. Қазір зейнеткер. Анам – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әйелім, төрт балам бар.

– Өзіңіз де білесіз ғой, бірнеше шулы істе бой көрсеткен куәгерлер мен сот сарапшылары, адвокаттар мен жәбірленушілер, тіпті прокурорлар жеке парақшасын ашып, елге одан сайын танылды. Бірақ әріптесіңіз Айжан Құлбаева екеуіңізде жеке парақша жоқ екен. Неге? Бұған уақыт жоқ па әлде судьяларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынған ба?

– Әлеуметтік желілерде жеке парақша ашып, оны жүргізу мен үшін үлкен жауапкершілік. Оны тек ашып қоймай, парақшаға жазған адамдардың сұрақтарына жауап беріп, кері байланыс орнату қажет деп есептеймін. Енді судья болған соң, маған әртүрлі адамдар әртүрлі сұрақ қоюы мүмкін. Олардың өміріндегі қиын жағдайлар, бастарынан өтіп жатқан сот процестері туралы немесе қайғылы, қылмыстық істер бойынша сұрақ қойып, кеңес сұрауы мүмкін. Судья бола тұра мен үшін кеңес берген – үкім шығарғанмен тең. Сондықтан, егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы болса, менің, яғни соттың заңсыз тергеушінің ісіне араласуы, ал істі басқа судья жүргізіп жатса, судьяның жұмысына араласуы болады деп есептеймін. Сондықтан қазір менің жеке парақшам жоқ. Қажет болса, ашып жүргізуге болады.

– Жалпы, өзіңіз ашқыңыз келе ме?

– Қазір ондай ой жоқ. Бірақ сот тарапынан судьяға «жеке парақша ашпасын» деген тыйым жоқ. Көп әріптесімнің фейсбук пен инстаграмда парақшалары бар. Соларды бақылап, оқып отырамын.

– Ақпарат оқуға көп уақыт арнайсыз ба?

– Өзіме қажетті көлемде уақыт арнаймын деп есептеймін.

– Әңгіменің көбі марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жайлы болары анық. Оған дейін қызмет жолыңызға қатысты білгім келгендерді сұрасам. Сіз еңбек жолыңызды 2001-2002 жылдары тергеуші болып бастапсыз. 2014 жылға дейін қарапайым тергеушіден полиция басқармасы басшысының орынбасарына дейін «өстіңіз». Бұл Сіздің нақты қойған мақсатыңыз ба еді, әлде маман ретіндегі кәсіби дамуыңыздың нәтижесі ме? Жалпы, тергеуші кезіңізді бір еске алайықшы…

– Жаңа атап өткендей, әкем полиция қызметкері болғандықтан, әкемнің жолын қуып, бала кезімнен полиция болуды армандайтынмын. Орта мектепті аяқтағаннан кейін сол кездегі Мемлекеттік тергеу агенттігінің Алматы жоғары тергеу мектебіне түсіп, соны аяқтағаннан кейін Ұржар аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы қызметіне орналастым. Сол кезден бастап тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқардым. Судья болып тағайындалғанға дейін полицияда қызмет еттім.

– Сіз қандай тергеуші болдыңыз?

– Иә, 2001 жылы тағайындалып, 2014 жылға дейін қызмет атқардым. Бір қызметде үш жылдан артық отырған жоқпын. Мен жиі өсу жолында болдым. Ішкі істер органдарының басшылары лауазымды ұсынады. Басшылардың маған артқан үміттері мол болған шығар, басшылық лауазымдарға ұсынып отырды.

– 2014 жылы құқық қорғау саласынан сот жүйесіне, яғни Алматы облысының сотына неге ауыстыңыз?

– Тергеу қызметін атқарып жүріп, істің соңғы нүктесін судья қоятынын білдім. 2010 жылдан бастап судья болғым келіп, соған арнайы емтихан тапсырып, конкурстарға қатысып, 2014 жылы судья болып тағайындалдым. Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сотына судья болып келдім. Тергеуші мен судьяның лауазымға қатысты айырмашылығы – судья лауазымына ешкім ұсынбайды. Оған жалпы конкурс жарияланған кезде конкурсқа қатысып, тағайындалады. Яғни, адам өз қалауымен судья болады. Төраға болар кезде де оны ешкім ұсынбайды. Төраға лауазымы босаған кезде конкурсқа қатысып, өзінің қалауы бойынша тағайындалады.

– Енді сұхбатымыздың негізгі бөлігіне келсек. Бір жыл бұрын тікелей эфирде 16 жастағы баланы өлтірді деген айыппен оншақты адамның соты басталды. Аса ауыр әрі шым-шытырық бұл іске Сіз төрағалық еттіңіз. Жалпы, бұл іс алдыңызға түспей жатып-ақ оқиға туралы, тергеу барысы жайлы естіп-білген шығарсыз? Бір сәтке болсын «осы істі мен алмай-ақ қойсам екен» деген ой болды ма?

– Ол кезде «іс маған түспей-ақ қойса екен» деген ой болған жоқ. Негізі, өзім саналы түрде төраға конкурсына қатысып өттім, ал төраға болу – үлкен жауапкершілік. Сондай ауыр істер түскен кезде қарау – менің міндетім.

– Сонда әр істің судьясын сот төрағасы тағайындай ма?

– Жоқ, ол автоматты түрде бөлінеді. Қазір істерге төраға да, ешкім де араласа алмайды. Ол автоматты түрде түседі. Солай түсті, мен қабылдап алдым.

– Сол істі еске түсіріп көрейікші: алдыңызға неше том, неше адамның ісі түсті? Сотқа дейін олармен толық таныстыңыз ба?

– Барлық процестік шешім қабылдау үшін белгілі бір уақыт беріледі. Қылмыстық іс сотқа түскеннен кейін бес күннің ішінде судья ол істі өндірісіне қабылдауы керек. Он күннің ішінде алдын ала тыңдау сот отырысын өткізу керек. Сол алдын ала тыңдау өткізілгеннен кейін он бес күннің ішінде бас сот талқылауын белгілеу керек. Бұл мерзім тараптарға ғана емес, судьяға да іспен танысуға мүмкіндік береді. Ол іс тоғыз адамға қатысты, алпыстан астам том болды. Сол уақыттың арасында толыққанды танысып, сот процесіне дайындалдым. Судьяның әрқайсысы дайын болуы керек. Өйткені дайындық кезінде дәлелдемелерге ғана қарау қажет емес, ол жерде процестік мерзімдер бар. Қылмыстық істің тергеу мерзімдері бұзылған-бұзылмағанын қарап білу және іс бойынша процестік шығындар бар, айғақ заттар қай жерде сақталды деген көптеген нюанстары бар.

– Сіздің алдыңызға түскенде осы заңдылықтың бәрі сақталған ба екен?

– Иә, сақталған. Заң бұзушылық болмаған.

– Көбіне Қазақстанның сот жүйесінде прокурор неше жыл сұраса, сот сотталушыларды сонша жылға соттайтын практика қалыптасқан сияқты көрінеді. Шындығында солай ма?

– Сот жаза тағайындау кезінде ешкімге тәуелсіз, өзінің ішкі нанымы бойынша жаза тағайындайды. Бұл жағдайда прокурордың сұрағаны мен менің нанымым дәл келіп отыр. Сондықтан осындай жаза тағайындадым. Тәжірибеде біз «осыншама жаза прокурордың сұрағанымен тең, ал мынанша жаза басқа» деп санамаймыз. Қандай, қалай болып жатқанын есептемейміз. Мүмкін (сырт көзге) солай болып жатқан шығар.

– Сұхбатымның басында айтқандай, Сіздің алғашқы жұмысыңыз тергеушілік болды. Жиырма жылдай судья болып келесіз. Осы жылдар аралығында Шерзат Болаттың ісінен басқа қандай істер Сіз үшін ең ауыры болды?

– Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ерекшелігі – істі алқабилердің қатысуымен қарайтынымыз. Әрбір облыста мұндай соттар біреу-ақ. Өмір бойына жаза тағайындау немесе 20 жылдан артық жаза тағайындау сияқты қылмыстар болғандықтан, олардың бәрі аса ауыр істерге жатады. Бірақ солардың арасында ең ауыры – көп тұлғаға қатысты топтық қылмыс. Менің есімдегі іс былтыр қыркүйекте аяқталып, үкім шықты. Алматы облысының бір ауылында жастардың топ болып төбелесіп, соның салдарынан бір жас бала қайтыс болған. Ол үкім заңды күшіне еніп отыр.

– Ержан Серікқазыұлы, бір айдан кейін осы іс бойынша үкім шығарғаныңызға бір жыл болады екен. Сотталған тараптың адвокаттары апелляция беретіндерін мәлімдеген болатын. Ол шағымдар қаралды ма? Бұл іс толық жабылды ма деген сөзім ғой.

– Апелляция да, кассация да үкімді өзгеріссіз қалдырды. Мұндай істер бойынша егер Бас прокурор немесе Жоғарғы соттың судьясы ұсыныс келтірген жағдайда ғана қайта қаралуы мүмкін. Оның да ерекшелігі бар: ұлттық қауіпсіздікке байланысты болып жатса, немесе мемлекеттің мүддесін қорғаумен байланысты болса, я болмаса өмір бойына жазаланған тұлғаларға қатысты болса ғана Жоғарғы соттың судьясы қарай алады.

– Осы істің үкімін былтыр 5 маусымда кестіңіз. «Ертең үкім шығарамын» деген түні, жатар алдында не ойладыңыз, есіңізде ме?

– Ол күн есімде. Үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығып, әрбір жауап беруге жататын негізгі үш сұраққа жауап іздедім. Негізгі үш сұрақ бар: қылмыстық оқиға болды ма, сол қылмыстық оқиғаны жасаған сол тұлғалар ма және соны жасаған тұлғалар кінәлі ме? Сол сұрақтарға жауап бердік.

– Негізгі үш сұраққа жауап бар болса, шешім шығара аламын дедіңіз. Сол үш сұраққа жауап берерде интуицияға қаншалықты сене аласыз?

– Интуиция – ол сол дәлелдемелерге ғана негізделеді. Бір дәлелдеменің екінші дәлелдемеге қарағанда үстемдігі жоқ. Бір дәлел екінші дәлелді бекітіп отыруы керек. Сол дәлелдерді жинақтап, соған қарағанда ішкі наным туындайды. Сол кезде де дәлелдердің көпшілігі тағылған айып бойынша кінәлі екенін көрсетсе, үкім шығады. Күмән туып тұрса, шешім қабылдаудың керегі жоқ.

– Сот үшін гуманизмнің шегі қай жерде? Қай кезде Сіз жанашырлық танытып, жеңіл жаза бере аласыз?

– Жанашырлық болады, егер сот процесін жүргізген кезде сотталушының сөйлеген сөзінен, іс-қимылынан шынайы өкініп тұрғаны белгілі болса. Ол көрініп тұрады. Шынайы кешірім сұрап тұрғанына және жәбірленушінің тарапынан да кешіріп жатқан жағдайлар болса, төменгі шектен төмен жаза тағайындауға болады. Заңның бәрі жәбірленушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Егер олар «кешірдім, жеңіл жаза тағайындауды сұраймын» деп тұрса, бұл үлкен әсерін береді. Сот шешімі жәбірленушілердің мүддесін қорғауға арналады.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!