Елордада компьютерлік томографтар тәулік бойы жұмыс істейді

Автор: Azattyq Rýhy

Нұр-Сұлтанда он жеті КТ-аппараты бар

Фото: astana.gov.kz

Елордада науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсету үшін барлық компьютерлік томографтардың жұмысы тәуліктік режимге ауыстырылды. Компьютерлік томография COVID-19 нәтижесінде пайда болатын пневмония мен өкпедегі басқа да патологияларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтанда он жеті КТ-аппараты бар. Олардың барлығы тәулік бойы жұмыс істейді. Елорда әкімдігі қосымша тағы екі КТ-аппаратын сатып алды. Олар шілде айының соңына дейін қалаға жеткізіледі.

Қаладағы барлығы 14 мемлекеттік және 2 жеке емханада рентген аппараттары бар. Маусым-шілде айларында барлығы 20 мыңға жуық кеуде қуысына зерттеу жүргізілген.