Таразда полициядан қашқан 15 жастағы бозбала бір адамның өліміне себепкер болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол бағанаға соғылған

Фото: видеодан скриншот

Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған «Audi» маркалы көлікті тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полицияның заңды талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген. Ол жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қуғын кезінде жүргізуші көлікті басқара алмай, электр желісінің бетон бағанасына соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Көлік тоқтатылғаннан кейін рөлде жүргізуші куәлігі жоқ 15 жастағы жасөспірім отырғаны анықталған. Кәмелетке толмаған жасөспірім ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Оның ішінде жасөспірімнің көлік тізгініне қалай отырғаны да тексеріліп жатыр. Қылмыстық іс аясында көлікті жүргізу құқығы жоқ адамға берген көлік иесінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Полиция қызметкерлері құқық қорғау органдарының заңды талабына бағынбау мен қашуға әрекет жасау ауыр зардаптарға әкелетінін және заң аясында жауапкершілік бар екенін ескертті.