Бұл туралы тұрғын үйдегі пәтер иесі әлеуметтік желіге видео жариялап, наразы екенін айтқан
Астанадағы BI Group салған тұрғын үй кешендерінің бірінде дау шықты. Тұрғындар BI Service басқарушы компаниясын «қызмет көрсетуді әдейі тоқтатып, халықты жаңа тарифке мәжбүрлеп отыр» деп айыптайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Видео авторының айтуынша, компания 1 шаршы метр үшін 270 теңге төлеуді талап еткен. Бірақ тұрғындар бұл бағаның тым қымбат екенін әрі бұл ақша қызмет сапасына сай келмейтінін айтады.
«Соңғы екі жылда жұмыстары қатты нашарлады. Бұрынғыдай емес. Бірақ соған қарамастан тарифті өсіргісі келеді. Пәтері 140 шаршы метр адам ай сайын қыруар ақша төлейді. Ондай ақшаға лайық қызмет көріп отырған жоқпыз», - дейді тұрғындардың бірі әлеуметтік желіге жариялаған видеосында.
Тұрғындардың сөзінше, келіссөз ұзаққа созылмаған. Компания таңдау емес, нақты талап қойған. Яғни, дереккөзге сүйенсек, 1 мамырдан бастап тұрғын үй кешеніндегі күзет қызметі тоқтаған. Күзетшілер отырған бөлменің есігінде құлып тұр, ал қызметкерлер кетіп қалған. Соның салдарынан есік алдындағы жарық күндіз де өшпей, жанып тұр. Себебі оны қадағалайтын адам жоқ.
«Қарапайым шамды өшіретін адам қалмады. Бұл енді немқұрайлылық па, әлде тұрғындарға жасалған қысым ба?» — дейді тұрғын.
Олардың пікірінше, BI Service тұрғындарды жаңа тарифке көндіру үшін әдейі қызмет сапасын төмендеткен.
«Біз «270 теңге тым қымбат, арзандатыңдар» дедік. Бірақ олар бірден күзетті алып тастады. Үйді қараусыз қалдырғандай әсер қалдырды. Бұл – бопсалау емес пе?» - дейді видеода желі қолданушысы.
Компания автордың видеосына қатысты комментарий бере отырып, қазіргі тариф тұрғын үй кешенін толыққанды күтіп ұстауға жетпейді деген позициясын жазған.
«Қазіргі бюджет аз болғандықтан, тарифті қайта қарау мәселесі туындап отыр. Тұрғындар біздің компанияны таңдай алады немесе Мүлік иелері бірлестігі форматына өте алады. Егер дауыс беру бойынша қажетті нәтиже болмаса, компания заң аясында ресми хабарлама жіберуге мәжбүр болады», - делінген пікірде.
Алайда тұрғындар компанияның бұл әрекетін «заңды ескерту» емес, «тарифке көнбегендерге жасалған қысым» деп қабылдап отыр.