Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желіде жеке парақша аша алмауы мүмкін
Президенттің кеңесшісі Meta өкілдерімен кездесті
Қазақстан президентінің әдеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой Meta компаниясының өкілдерімен кездесіп, біздің ел үшін күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, Алексей Цой онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасының негізгі ережелерін талқылаған. Ол өз жазбасында мына екі мәселені ерекше атап өткен:
- Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу:
- онлайн-платформаларды тіркеу бойынша міндеттемелерді белгілеу және олардың жауапкершілігін күшейту.
«Meta тарапынан кездесуге Орталық Азия, Моңғолия, Шри-Ланка және Мальдив аралдары бойынша Public Policy бағытының жетекшісі мен өңірлік жария саясат менеджері қатысты», - деп жазған Цой.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу мәселесі әлі де өзекті екенін айтқан болатын.