Қазақстанда 500 мыңнан астам адам екі жыл мен бес жыл арасында несиесін төлей алмай жүр

Автор: Темірхан Айжан

170 мыңға жуық азамат банкрот болған 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың мәліметінше, қазіргі таңда 170 мыңға жуық азаматқа қатысты банкроттық рәсімі қолданылған. Алайда төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді қажет ететін азаматтардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі сәтте 500 мыңнан астам адам қарызын қайтару мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін кешіктірген.  Мәдина Әбілқасымова берешегін өтей алмай жүрген адамдардың банкроттыққа жүгінуге заң жүзінде құқығы бар екенін, бірақ заңдағы кейбір шектеулер бұл процесті тежеп отырғанын атап өтті.

«Банкрот деп танылған адамға 5 жыл бойы несие алуға рұқсат берілмейді. Сондай-ақ банкроттық үшін азаматтың мүлкі болмауы және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Мәселені шешу мақсатында өткен жылы заңнамаға бірқатар жеңілдіктер енгізілді. Атап айтқанда, берешек мерзімі тым ұзаққа созылған азаматтар үшін мүлік пен табысқа қатысты талаптарды қолданбау мүмкіндігі қарастырылған», - деді ол.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен депутаттық корпус заңдағы кемшіліктерді жою бойынша жұмысты жалғастырып жатқаны айтылды.