Табиғи монополиялар комитеті мен Энергетика министрлігі баға нарығын кім реттейтінін өзара анықтай алмай жатқанда, қымбат тариф тұтынушының қалтасынан өтелмек
Электр қуаты желтоқсаннан бастап 6 пайызға қымбаттайды. Ал оны жүгендеуге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің шамасы жетпейді. Себебі, бағаның өсуіне газ, көмір, жанармай сияқты комитеттің құзырына кірмейтін отын түрлері әсер етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Монополияға қарсы қызмет «Электр энергиясының өзіндік құнын Энергетика министрлігі белгілейді» деп, мәселенің басын сол жаққа бұрады. Ал олар «Бағаны Комитет белгілейді» деп, басын даудан арашалағысы келеді. Екі жақ өзара түсінісе алмай жатқанда, қымбат тариф тұтынушының қалтасынан өтелмек.
Тариф тақырыбын Елбасы бір жыл бұрын ғана Қауіпсіздік кеңесінде арнайы қарап, министрлерді сынға алған еді. Артынша монополистер негізсіз тариф арқылы халықтан алған артық миллиондарын кері қайтара бастаған. Енді бағаны көтеру деген әңгіме қайта қылаң берді.
«Энергетика министрлігі сатып алу бағасын бекітеді. Сол жақта 15,7 пайызға көтерілгендіктен, оның бағаға да кері әсері болады. Яғни, желтоқсаннан бастап 6 пайызға әсер етуі мүмкін», - дейді ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Ыбырайханов.
Электр бағасы нарығына әсер ететін негізгі үш фактор десек, оның бірі – көмір. Көмір бағасы соңғы екі жылда екі еседен де жоғары қымбаттаған. Ол электр қуатының өзіндік құнының шамамен жартысын құрайды.
Одан бөлек, газ бен жанармай да электр бағасын негізгі қалыптастырушылар. Оларды бақылауға комитеттің құзыры жетпейді. Солардың бағасы көтерілгеннен кейін, электр қуатының көтерме саудадағы бағасы да қымбаттайтыны түсінікті.
«Егер газ стансаларын алсақ, газ қымбаттаған жоқ. Ол станциялардың тарифі қымбаттамайды, ал көмір қымбаттады. Сондықтан ол тарифке әсер етеді. Ал оның бағасын қадағалау – комитеттің жұмысы. Олар тарифтің қалыптасуына қатысты барлық сатыны жеке-жеке қарайды. Сондықтан олар тарифтің өсуін мейлінше азайта алады немесе тіпті өсірмей қоя да алады», - дейді ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры Қайрат Рахымов.
Әзірге Табиғи монополиялар комитеті мен Энергетика министрлігі баға нарығын кім реттейтінін өзара анықтай алмай жатыр. Білдей екі мекеме мәселені бір-біріне сілтеп әлектеніп жүре берсе, бір айдан кейін электр энергиясы ақыры қымбаттайын деп тұр.
Бағаны арзандататын бір мүмкіндік – жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту, яғни жел мен күн энергиясын пайдалану. Бірақ оның қазіргі бүкіл энергия қорындағы үлесі 2,3 пайыз ғана.
Қалғаны негізінен сәт сайын қымбаттап бара жатқан көмірдің күшімен отыр. Ал көмірдің бағасын елімізде ешқандай мемлекеттік орган реттемейді. Яғни, көмір қымбаттаса, тариф те өседі. Сайып келгенде жарық тарифінің өсуі тағы да тұтынушының қалтасына түсейін деп тұр.