Алматыда жалаңаштанған жас жігіт өткен-кеткеннің назарын аударды
Абай даңғылы мен Манас көшелерінің қиылысында жалаңаштанып алған жас жігіт елдің назарын өзіне аударды. Аялдама жанындағы орындыққа біресе жатып, біресе тұрып мазасы қашқан оны жүргіншілер алғашында науқас деп ойлап, көмек ұсынған. Алайда ол өзін ақылынан адасқан адам сияқты қылықтар көрсетіп, жүргіншілердің көмегінен бас тартты. Оқиға орнына полицияның екі бірдей экипажы келді. Патрульдік полиция инспекторлары ол психотроптық зат тұтынуы мүмкін деген болжам айтты.
«Себебі оның әрекеті алкогольден болатын мастыққа ұқсамайды»,- деді полиция қызметкерлері.
Үстіндегі киімін шешіп тастап, жанын қоярға жер таппай ары-бері дөңбекшіген азамат тәртіп сақшыларының сұрағына жауап бере алмады. Бейне түсірілімде ол бір уақытта орнынан өз еркімен тұруға әрекет жасасағанымен, аяқтарын басып жүре алмады.
Көп ұзамай жедел жәрдем бригадасы келіп, жас шамасы 20-25 тегі жігітке алғашқы көмек қолын созуға тырысты. Ол «дәрі ішпеймін, менің қан қысымымды өлшеңдер» деп сөйлей бастады. Көп ұзамай ол дәрігерлердің сүйемелдеуімен жедел жәрдем көлігіне қарай беттеді.
«Оның психотроптық немесе өзге де тыйым салынған есірткілік заттарды тұтынғанын анықтау үшін сараптама жүргізіледі» ,- деді жедел жәрдем қызметінің мамандары.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы