Бүгін, 14:35
Қоғам

Тоқаев тіпті тойларда да «заң мен тәртіп» қағидатын сақтауға шақырды

Президент бұл идеология қазақстандықтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне енгенін қалайды

Тоқаев тіпті тойларда да «заң мен тәртіп» қағидатын сақтауға шақырды
Фото: aikyn.kz

Бүгін Ақордада ғалымдар алдында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы реформалар азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне енсе ғана нәтиже болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

Мәселен, президенттің пайымынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық орындағы жүріс-тұрыстан бастап, халық арасында жиын-тойларда да көрініс табуы керек.

«Осы тұста мына бір аса маңызды мәселені қайта атап өткім келеді: біз қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни, заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет. Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек», - деді Тоқаев.

Бұл ретте президент жол ережесінің де сақталмай тұрғаны – адамдардың санасындағы осы қағидаттың жоқтығы екенін меңзеді.

«Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды. Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс», - деді Тоқаев.