«AMANAT» партиясы балалар мен зейнеткерлерді цифрлық алаяқтықтан қорғауға басымдық береді – Шолпан Каринова

Автор: Темірхан Айжан

Антифрод-орталық мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың арқасында 500 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарды

Фото: Azattyq Rýhy

Елордада қаржы және цифрлық ортадағы алаяқтыққа қарсы іс-қимылға арналған AntiFraud Forum Kazakhstan өтіп жатыр. Форумға банктердің топ-менеджерлері, финтех компаниялар, реттеуші органдар мен киберқауіпсіздік сарапшылары қатысуда. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі, «AMANAT» партиясы, Бас прокуратура және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері бар. Іс-шарада кибершабуылдарға төзімділікті арттыру, антифрод-технологияларды енгізу және бірлескен жұмысты күшейту мәселелері талқылануда. Сонымен қатар күмәнді операцияларды анықтау, тәуекелдерді басқару және алаяқтыққа қарсы бірыңғай жүйе құруға назар аударылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форумда сөз сөйлеген Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова бұл іс-шара «AMANAT» партиясының «Цифрлық қоғам» жобасы аясында өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоба бір жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді.

«Елімізде цифрландыру жүйесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нақты айқындап берді. Осы орайда биылғы жыл да цифрландыру жылы ретінде жарияланып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ең алдымен, цифрлық қоғамды қалыптастыруға қатысты «AMANAT» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракция депутаттары өз бастамасымен бірқатар маңызды заңдардың қабылдануына мұрындық болды. Атап айтқанда, қазіргі таңда қолданысқа енген және жақын уақытта күшіне енетін Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы заң, сондай-ақ Киберқауіпсіздік туралы заң қабылданды. Осы заңдар аясында елімізде цифрлық шешімдерді енгізудің заңнамалық негізі қалыптасты. Әрине, бүгінгі күні енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер барлық қазақстандықтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін үйден шықпай-ақ, әр азамат өз гаджеттері арқылы цифрлық форматта пайдалана алады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет алу, төлем жасау, банк қосымшалары арқылы түрлі операцияларды орындау бәріміз үшін күнделікті қалыпты жағдайға айналды. Дегенмен, осындай қолайлы мүмкіндіктермен қатар елімізде алаяқтық пен киберқауіпсіздік мәселелері де туындап отыр. Шынын айту керек, бүгінгі күні цифрлық алаяқтарға кездеспеген азамат кемде-кем. Түрлі айла-тәсілдер арқылы адамдарды алдау фактілері көбейіп келеді. Бұл – тек біздің қоғамға ғана тән мәселе емес, бұл – жаһандық үрдіс. Цифрлық технологиялар дамыған сайын, соған сәйкес алаяқтық тәсілдері де күрделене түсуде. Осыған байланысты азаматтарды алаяқтықтан қорғау, оның алдын алу жолдарын, алгоритмдерін түсіндіру, әрбір адамға қажетті білім беру мақсатында  «Цифрлық қоғам» жобасы жұмыс істеп жатыр», - деді ол.

Шолпан Каринова осы бағытта, әсіресе, балалардың цифрлық қауіпсіздігін және цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ егде жастағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отырғаны атап өтті.

«Жоба барлық өңірлерде іске асырылуда. «AMANAT» партиясында цифрлық комиссар институты енгізілді. Сонымен қатар, бүгінде барлық өңірлерде партия филиалдары жанынан цифрлық комиссарлар бекітіліп жатыр. Олар алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, дамытады. Жоба аясында жақын арада барлық өңірлерде егде жастағы азаматтар мен зейнеткерлерге арналған ауқымды іс-шаралар басталды. Себебі алаяқтықтың құрбанына жиі ұшырайтындар да дәл осы санаттағы азаматтар. Жалпы, біз осындай ірі жобаларды жүзеге асыра отырып, цифрлық қоғам жағдайында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отырмыз», - деді «AMANAT» партиясының Хатшысы.

Өз кезегінде ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Әлібек Оразалы киберқылмысқа қарсы күрес бүгінде өзекті бағыттардың біріне айналғанын айтты. Оның мәліметінше, интернет-алаяқтықты ашу күрделі процесс, себебі қылмыскерлер шекарадан тыс жерде әрекет етеді.

«Цифрлық сервистер мемлекет пен қоғам үшін жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, өкінішке қарай, қылмыскерлерге де құқық бұзушылық жасау құралдарын ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде құқық қорғау органдары үшін киберқылмыспен күрес мәселелерін күрделендіре түсуде. Интернет алаяқтықты ашу өте күрделі процесс. Қылмыскерлер шекараны тыңдамайды және әлемнің кез келген жерінде болуы мүмкін. Сондай-ақ, қазіргі таңда біз арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы қылмыскерлерді әшкерелеп отырмыз», - деді ол.

Әлібек Оразалының мәліметінше, былтыр 6 мыңнан астам интернет алаяқтық қылмысы ашылған, ал 1750 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Биылғы 3 айда 447 адам жазаланды. Ол құқық қорғау органдарының IT-сектор, банктер және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Ұлттық төлем корпорациясы Антифрод-орталығының алаяқтыққа қарсы іс-қимыл департаментінің директоры Айнұр Ізмайлова алаяқтықтың алдын алу жұмыстарының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ондаған, тіпті жүздеген мың теңге көлеміндегі қаражат көбіне дер кезінде бұғатталып немесе кері қайтарылып жатады. Осылайша, азаматтардың мүлкі қорғалып, шығынның алдын алуға мүмкіндік туады.

«Алайда мұндай оң нәтижелер жария бола бермейді. Әдетте адамдар ақшасы аман қалған жағдайда үнсіз қалады, ал ірі шығынға батқандар мәселені қоғамдық талқыға жиі шығарады. Бүгінде Антифрод-орталық мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың арқасында 500 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарды. Жұмыстың нәтижелілігі ақпараттың жедел берілуі мен алаяқтық әдісінің күрделілігіне тікелей байланысты. Азаматтар алаяқтарға алданғанын бірнеше күн немесе аптадан кейін ғана хабарласа, қылмыстық тізбекті анықтау қиындап кетеді», -деді ол.

Айнұр Ізмайлованың пікірінше, қаражаты қайтарылған жандар өз тәжірибесін бөліссе, бұл халықтың сауатын арттырып, жүйеге деген сенімін нығайта түсер еді.

Қатысушылар алдағы кезеңнің басты міндеттері ретінде цифрлық қауіпсіздікті күшейту, халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ заманауи антифрод шешімдерді кеңінен енгізу мәселесін атады.