Қазақстанда ит қапқан адам қайтыс болса, иттің иесі қандай жауапкершілік арқалайды – депутат өзекті мәселе қозғады
Мәжіліс жаңа заң жобасын талқылап жатыр
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев әріптесі Еділ Жаңбыршиннен ит қапқан адам көз жұмса, ит иесі қандай жауапкершілікке тартылатынын сұрады, деп жазады Azattyq Rýhy
«Соңғы бірнеше жыл ішінде өңірлерімізде адамдарды қабатын бұралқы иттер мәселесін ретке келтіру туралы өтініштерді жиі естіп келеміз. Соңғы бірнеше жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы ит шабуылы тіркелген жағдайлар саны бойынша көш бастап тұр. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 4700 жағдайды құрады. Оның ішінде шамамен 3 мыңы – үйдегі асыранды иттердің агрессиясына байланысты болып отыр», - дейді Темір Қырықбаев.
Осыған байланысты ол әріптесі, осы заң бойынша баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршин мен Ішкі істер вице-министріне бірнеше сұрақ қойды.
«Еділ Терекбайұлы, заңмен біз ит иелерінің жауапкершілігін күшейтеміз. Егер, Алла сақтасын, адамның денсаулығына елеулі зиян келсе немесе адам қайтыс болса, мұндай жағдайда ит иесіне қандай жауапкершілік жүктеледі? Екіншіден. Үй жануарлары саналатын иттерді чиптеу бойынша заңның орындалуын іс жүзінде қалай бақылаймыз? Бәрімізге белгілі, ауылдарда әр үйде ит байлаулы тұрады, бірақ көпшілік чиптеумен айналысқысы келмейді. Сонда біз әр үйдегі итті тартып аламыз ба? Ветеринарлық қызметтеріміз жаппай чиптеу процесіне қаншалықты дайын?», - деді Қырықбаев.
Оның бірінші сұрағына жауап берген Еділ Жаңбыршин жаңа өзгерістерге сай, егер қожайыны бар итт адамның мүлкіне, денсаулығы мен өміріне зиян келтірсе, жауапкершілік арқалайды.
«Адамның денсаулығы мен өміріне ауыр және орташа ауыр зиян келтірсе қожайыны эвтаназия жасауға міндетті болады. Осы нормаға сәйкес, егер адамды қауып өлтірсе, оның иттің иесі -жеке тұлға 100 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлға 200 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлға 300 ацйлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапкершілік арқалайды», - деп жауап берді Жаңбыршин.
Ал, иттерді міндетті чиптеу мәселесін түсіндірген Жаңбыршин учаскелік полицейлер жергілікті мал дәрігерлерімен бірге тіркеуге тұрмаған иттердің қожайындарын бірінші ескертеді, екінші міндетті түрде чиптеу туралы қаулы шығарады, ал, қожайын бұл талапты орындамаса, онда итті тартып алуға құқығы бар болатынын түсіндірді.