Қазақстан азаматшасы Қырғызстанда үш баланы анасынан «сатып алып», порнографияға түсірген – ол ұзақ жылға сотталды
Ол бұл істе Израиль азаматымен сыбайласа әрекет еткен
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті осы елде болған жантүршігерлік қылмыс туралы ақпарат берді. Комитеттің ресми парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, бұл қылмыстың беті 2024 жылы ашылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қырғыз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан азаматшасы Израиль азаматымен алдын ала сөз байласа отырып, Қырғызстан азаматынан оның үш баласын «сатып алған». Яғни, баланың анасына ақшалай және мүліктей сыйақы берген.
«Балаларды алғаннан кейін сыбайластар оларға азғындық көрсеткен. Балаларды шешіндіріп, олардың жыныс мүшелеріне қатысты «ғұрыпқа сай» әрекеттер жасаған. Соның бәрін камераға түсіріп, шетелде тұратын тапсырыс берушілерге мессенджерлер арқылы жіберген», - деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Бұдан басқа, олар Қырғызстанның тағы бір азаматынан екі баласын «сатып алып», оларды заң бойынша толық асырап алған. Осы екі балаға да тура осындай азғындық әрекет жасаған.
«Бішкек қаласының Первомай аудандық соты қылмыстық істі қарай келе, Қазақстан азаматшасын 12 жылға соттап, мүлкін тәркіледі», - деп жазылған ресми ақпаратта.