«Біз осы залда заң талқылап отырғанда, елімізде 15 адамды ит қабады»: Жаңбыршин сұмдық деректерді жайып салды

Автор: Аягөз Құрмаш

Кейбір дерек бойынша, Қазақстанда әр бір сағат сайын 5 адамға ит шабуылдайды 

Фото: parlam.kz

Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин заң жобасына қандай нормалар енетінін айтты.

«Осы пленарлық отырыс аяқталғанша, шамамен үш сағат ішінде елімізде кемінде 15 адамды ит қабуы мүмкін. Орта есеппен алғанда, әр сағат сайын 5 адам иттердің шабуылына ұшырайды. Яғни біз осы залда заң талқылап отырған сәтте елдің бір жерінде – аулада, көшеде, мектеп маңында, балалар алаңында немесе аялдама жанында – бір бала, әйел немесе қарт адамды ит қабады.  Бұл - эмоция емес, бұл - нақты статистика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заңды қарап отырған жоқпыз. Біз адам қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, мемлекеттің жауапкершілігі, ең бастысы – адам өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесін қарастырып отырмыз», – деді Жаңбыршин.

Оның айтуынша, өңірлердегі кездесулерде тұрғындар бұралқы иттерге қатысты мәселені шешу керек деп көп айтқан. 

«Осыған байланысты, «AMANAT» партиясының депутаттары аталған заң жобасын әзірлеу үшін бастама көтерді, ал өзге фракциядағы әріптестер қолдау білдірді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, соңғы бір жылда 41 366 адамды ит қапқан. Оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Салыстыру үшін айта кетейін: 2024 жылы 38 848 адамға ит шабуылдаса, оның 24 410 фактісінде бұралқы иттер адамға қарай жүгірген.   Яғни мәселе азайып отырған жоқ. Ол әлі де жүйелі әрі әлеуметтік тұрғыдан қауіпті проблема болып қала береді. Бұл сандардың артында жай ғана статистика емес – нақты адамдардың тағдыры тұр. Балалардың жарақаты, азаматтардың қорқынышы, психологиялық күйзеліс, мүгедектікке алып келген жағдайлар, кейде адам өлімі де бар», – деді ол.

Депутат нақты мысалдар кетілдірді.

«Өскеменде 11 жастағы баланы ит қауып алған.  Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай ауылында, Қосшыда тіркелді. 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала көз жұмды. Бұл оқиғалардың барлығы қолданыстағы заң қабылданғаннан кейін орын алған. Әрбір осындай қайғылы жағдайдан кейін қоғам мемлекетке орынды сұрақ қояды: адамдардың қауіпсіздігі үшін кім жауап береді? Егер мемлекет нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес – құқықтық және басқарушылық вакуумде», – деді ол.

Ол мемлекеттің ең қымбат дүниесі адам екенін еске салды. Оны Конституция да бекітіп отыр. 

«Қоғамда кейде «адам ба, жануар ма?» деген жасанды қарама-қайшылық туындайды. Бірақ біз заң шығарушы ретінде нақты айтуымыз керек: мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл эмоция емес – бұл Конституцияның тікелей талабы. Қолданыстағы заң тәжірибесі не көрсетті? 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды», –деді Жаңбыршин.

Мұндай тәжірибе әлемде де кездеседі. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және құтырумен күрес жөніндегі жаһандық альянс «Zero by 30» стратегиясы аясында 2030 жылға қарай адамдар арасында ит қапқанда жұғатын құтырма ауруынан болатын өлім-жітімді жоюды мақсат етіп отыр.

Осы жағдайларда бюджет қаражатын жүйелі бөлу айтарлықтай нәтиже бермейді, жануарларға арналған панажайлар мен уақытша ұстау пункттеріне сұраныс сақталады. 2021 жылы – 1,3 млрд теңге, 2022 жылы – 1,3 млрд, 2023 жылы – 3,5 млрд, 2024 жылы – 2,9 млрд, 2025 жылы – 3,5 млрд теңге бөлінген.