Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады
1991 жылдан бастап 2025 жылды қоса алғандағы аралық кезінде Қазақстандағы азаматтардың өмір сүру ұжақтығы 75,97 жасқа дейін ұзарған. 1991 жылы ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығы небары 67,6 жас болған екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігі баса айтқандай, бұл - тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы абсолютті рекорд.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1991 жылы, өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші 67,6 жас еді (2001 жыл – 65,6, 2011 жыл – 68,98, 2021 жыл – 70,23). Осылайша, отыз жыл ішінде ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа артып, 75,97 жасқа жетті», - деп хабарлайды ДСМ.
Қазақстан үкіметі бұнымен тоқтап қалмай, 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын орындау арқылы елдегі өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізуді көздеп отыр.