«Бәріміз үшін осы дұрыс»: Жұлдыз Сүлейменова 1-сыныпқа баратын оқушыларға қатысты маңызды шешім қабылдады

Автор: Бақыт Шынар

Мектепке құжат қабылдау мерзімі мамырға ауысты

Фото: оқу-ағарту министрлігі

Жыл сайын Қазақстанда 1-сыныпқа баратын оқушылардың құжаттары 1 сәуірден бастап қабылданатын еді.  Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл тәртіпке өзгеріс енгізіп, құжат қабылдау мерзімін ауыстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, биылдан бастап 1-сынып оқушыларының құжаттары 27 мамырдан 31 тамызға дейін қабылданады.

«Биылдан бастап 1-сыныпқа құжат қабылдау процесін сапалы әрі тиімді ұйымдастыру үшін мерзімді қайта қарастырдық. Бұған дейін құжаттар 1 сәуірден бастап қабылданатын. Дәл осы кезеңде мектептерде оқу процесі жүріп жатады. Мектеп басшылығы, мұғалімдер және IT мамандар оқу процесімен қарбаласып жатқан кезде құжат қабылдауды тиімді ұйымдастыру қиын болатын. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін мерзімін өзгерттік. Енді 1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналар үшін бұл мерзім қолайлы деп санаймыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр сондай-ақ бірінші сыныпқа құжат тапсыруға арналған барлық жүйе бірнеше рет тексеруден өткенін, болашақта оны тағы да таныстыратынын мәлім етті.