Kinopark желісі Қазақстанның фильмдерінен жарнама үшін заңсыз ақша алып, «жарна» талап етіп келген
Мемлекеттік орган бұл заңсыз ережелердің күшін жойды
Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісі Қазақстанның режиссерлері түсірген фильмдерден заңсыз жарна алып, жарнамасы үшін ақша төлемеген фильмдерді прокатқа шығармай отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл заңсыздықты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласындағы департаменті анықтаған.
«Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісі үстем жағдайды теріс пайдаланып келген. Дәлірек айтсақ, кинотеатрлар желісі отандық киноөндірушілерді жарнама бюджетiн төлеуге міндеттеген. Әйтпегенде, фильмдерді прокатқа шығармаған», - деп хабарлайды агенттік.
Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзған, киноөндірушілердің кинопрокат нарығына кіруіне кедергілер жасап, отандық кинематографияның дамуын тежеген.
«Осыған байланысты Kinopark – Kinoplexx Theatres компаниясына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолданды. Хабарламаны қараған желі заң бұзу фактілерін жойды», - деп хабарлайды агенттік.
Яғни, енді Қазақстанда түсірілген фильмдер прокатқа шығу үшін міндетті жарнама шығындарын төлемейді. Сондай-ақ, режиссерлер фильмдерін прокатқа шығару үшін «жарнадан» да босады.