«Жасотандық» еріктілер дәрігерлерге – саумал, науқастарға дәрі-дәрмек тасып жүр (ФОТО)

Автор: Azattyq Rýhy

Жастар аталған акцияға өзге өңірлерді де қосылуға шақырды

«Jas Otan» жастар қанаты Батыс Қазақстан облысы филиалының еріктілері «Ақ халатты абзал жандар ауырмасын» атты акция бастады. Олар өмірін қатерге тіккен дәрігерлерге қолдау көрсетіп, иммунитетін көтеру үшін тегін саумал таратып жүр.

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев дәрігерлерді бүгінгі күннің батырлары деп есептейді. Бастарын қатерге тігіп, коронавирус жұқтырған науқастарды емдеп жүрген ақ халаттыларға баршамыз шамамыз келгенше қолдау көрсетуіміз керек дейді ол. Сондықтан, «Жайлау» шаруа қожалығымен келісімге келіп, енді 1 ай бойы медицина мамандарын тегін саумалмен қамтамасыз етеді.

«Жайлаудан» алынған 1 тонна саумалды «жасотандық» еріктілер бір ай бойы БҚО жұқпалы аурулар ауруханасына тасымалдайды. Олар аталған акцияны ауылдарда да жүзеге асыруға шақырды.

Дәл осындай акция Ақтау қаласында да жүзеге асып жатыр. Маңғыстау облысындағы «Jas Otan» жастары қонақ үйлерде өмір сүріп жатқан дәрігерлерді жаңа сауылған шұбатпен, сүт өнімдерімен және жеміс-жидекпен қамтамасыз етуде. Жастарға көмекті «Жаңаөзен сүт зауыты» мен облыстық мәслихаттың депутаттары көрсеткен.

Сондай-ақ, маңғыстаулық жас еріктілер Біріккен Араб Әмірліктерінен келген гуманитарлық көмекті аудан-аудандарға үлестірумен де айналысып жатыр. Гуманитарлық жүктің құрамында медициналық маска, қолғап, қорғаныс киімі, тест сынамасы, ИВЛ аппараты бар.