«Фермерлер ертеңгі күніне сенімді болуы керек»: «Жігер» шаруашылығының басшысы мемлекеттік қолдау туралы айтты
Ол Аграрлық несие корпорациясынан 6 пайыздық жеңілдікпен несие алып, 55 жылқы сатып алған
Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын айқындайтын маңызды сала. Сондықтан мемлекет аграрлық секторды дамыту үшін кешенді бағдарламаларды іске қосты. Бұл саясаттың басты мақсаты - отандық өнімді көбейтіп, импортқа тәуелділікті азайту және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту. Бүгінде фермерлерді қаржылай қолдау тетіктері жыл сайын жетіліп келеді. Атап айтқанда, шаруаларға төмен пайызбен несие беру, өндіріс шығындарын субсидиялау және техниканы лизингке алуды жеңілдету шаралары қарастырылған. Мұндай жүйелі көмек фермерлерге жаңа технологияларды енгізуге және өндіріс ауқымын батыл кеңейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, қуаңшылық пен нарықтағы бағаның құбылуы кезінде мемлекеттік көмек шаруалардың жұмысын жалғастыруына үлкен септігін тигізеді.
Azattyq Rýhy тілшісі Солтүстік Қазақстан облысындағы фермер Алдаберген Тоқтарханұлымен тілдесіп, шаруашылық жайын біліп, мемлекеттік көмектің іс жүзіндегі тиімділігі сөйлесті.
Алдаберген Тоқтарханұлы ауыл шаруашылығымен кәсіби түрде 2015 жылдан бастап айналыса бастаған. Бастапқы кезеңде тек бидай егумен айналысса, кейіннен арпа мен зығыр сияқты майлы дақылдарды егуді бастаған. Ол егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын да қолға алған.
«Біздің басты мақсатымыз – егін мен малды тең ұстау. Себебі табиғаттың мінезі құбылмалы, жауын-шашын аз болған жылдары егін шықпай қалуы мүмкін. Мұндайда малдың төлі мен өнімін сату арқылы шаруашылықтың басқа шығындарын жауып, тығырықтан шығуға болады», - дейді ол.
Мал шаруашылығын бірден алып кету оңай болмаған, фермер оны кезең-кезеңімен іске асырған. 2013 жылдан бастап ірі қара өсірсе, кейін қой шаруашылығын қолға алған. Ал 2019 және 2021 жылдары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көргенін тілге тиек етті.
«Аграрлық несие корпорациясынан 6 пайыздық жеңілдікпен несие алғанымыз бізге үлкен демеу болды. Сол қаржыға 55 жылқы сатып алдық, қазір,шүкір, жылқы саны 90-ға жетті. Мұндай төмен пайызды несие болмаса, мал басын қысқа уақытта еселеу қиын болар еді. Мал шаруашылығы да оңай дүние емес, оны бәріміз жұмыла істеуіміз керек. Бірақ мемлекет төмен несие беріп тұрғанда, неге істемеске? Біз сияқты шаруаларға бұл үлкен мүмкіндік», - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Фермердің пікірінше, егіншілік пен мал бағу - үнемі ізденіс пен шыдамдылықты қажет ететін процесс.
«Егінмен айналысу үшін жоспарлауың керек. Сіз жерге инвестиция саласыз, сосын бірнеше апта бойы аспанға қарап, жаңбыр күтесіз. Жаңбыр жауғанда егін жайқалып шығады, көңілің орнына түседі. Ал ауа райы қолайсыз болса, көбірек назар аударып, баптау керек. Мал және егін шаруашылығымен айналысу өзекті шешімдер мен күнделікті қатаң бақылауды талап етеді. Егіншілікте әр күн, әр сағат маңызды, дер кезінде дәнді сеппесең немесе уақытында орып алмасаң, еңбегің еш кетуі мүмкін», - дейді ол.
Жер мәселесіне келгенде, фермер өз иелігіндегі алқаптарды қалай кеңейткенін де бүкпесіз айтып берді.
«Біз 2013-2015 жылдары 400 гектар мал жайылымынан бастаған едік. Содан кейін 2019 жылы 200 гектар егістік қостық, ал 2021 жылы тағы 200 гектар жер теліміне ие болдық. Қазіргі уақытта қожалықта 400 гектар жайылым, 550 гектар аралас жер мен 420 гектар егістік жер бар. Жерді кеңейту біздің өнімділігімізді арттырды, мал төлін азықпен толық қамтамасыз етуге және егін шығынын өтеуге көмектеседі. Жер көлемі артқан сайын басқарудың да тиімділігі өсетінін түсіндік. Жер-біздің басты байлығымыз, оны күтіп баптасаң ғана берекесін береді», - дейді ол.
Мемлекеттік қолдаудың тетіктері туралы сөз қозғағанда, Алдаберген Тоқтарханұлы субсидиялар мен жеңілдетілген жанармайдың пайдасын ерекше атап өтті.
«Мемлекет тарапынан берілетін қолдау бірнеше бағытта жүзеге асады. Мал шаруашылығына, құрама жемге, тіпті егісті баптайтын гербицидтер мен тыңайтқыштарға субсидия беріледі. Сонымен қатар, жайылым мен егістік алқаптарында пайдалану үшін жеңілдетілген жанармай аламыз. Мұның бәрі біздің шығынымызды азайтады. 2021 жылы «ҚазАгроФинанстан» 47 миллион теңге, ал Аграрлық несие корпорациясынан 45 миллион теңге несие алдық. Бұл қаржыға техника алдық, егістікті тыңайтқышпен қамтыдық. Егер осындай бағдарламалар болмаса, техникамызды жаңарту бізге арман болып қала берер еді. Субсидия мен несие жеңілдіктері фермерлерге үлкен көмек болып отыр. Осының арқасында біз жұмысшыларға жақсы жалақы беріп, шаруаны дөңгелетіп отырмыз», - дейді ол.
Фермер нарықтағы бағаның тұрақсыздығына да алаңдаушылық білдірді.
«Қазіргі нарықта егін бағасы кейде қатты ауытқиды. Егін бітік шықса, баға құлдырап кетеді, ал егін шықпай қалса, баға көтеріледі. Мысалы, жүз мың теңгенің бидайы шықса, оның нарықтық бағасы кенеттен 50–60 теңгеге түсіп кетуі мүмкін. Бұл бізге соққы болып тиеді. Егер мемлекет тарапынан тұрақты баға жүйесі болса, жастардың ауылдағы жұмысқа қызығушылығы арта түсер еді. Тұрақты баға жүйесі бізді жоспарлы түрде еңбек етуге ынталандырады. Шаруа ертеңгі күніне сенімді болуы керек деп ойлаймын»,- деп өз ұсынысын білдірді.
Алдаберген Тоқтарханұлының айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тәуекелге бел буып, ерінбей еңбек ету керек.
«Біз 2013 жылы тәуекелге барып, аз ғана жерден бастап, кейін «Жігер» фермерлік қожалығына айналдық. Содан бері тапқан табысымыздың бәрін техника мен құрал-жабдыққа, жердің құнарлығын арттыруға жұмсап келеміз. Бастау оңай, бірақ іске шындап кірісу қиын. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету, сол кезде ғана жер де, мал да өз жемісін береді. Малдың төлін егін шықпай гектарлап қалған кезде сату арқылы шаруашылықты сақтап қалуға болады. Ауылда мал мен егінді қатар жүргізу қосымша шығындарды азайтады. Біздің балаларымыз да осыны көріп өсуі керек», - деп түйіндеді ол.
Фермердің пікірі бойынша, ол мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылығын көркейткен. Субсидиялар, несие жеңілдіктері мен жеңілдетілген техниканың берілуі шаруа үшін едәуір көмек болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар осылай жүйелі түрде жалғассса, ауылдың берекесі де арта түспек.