Өрт сөндіретін роботтар мен дрондар: қазақстандық құтқарушылардың жаңа көмекшілері пайда болды

Автор: Нұргүл Абай

Цифрлық технологиялар мен заманауи техника азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп жатыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда азаматтық қорғау жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай жаңғыртылып, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің мүмкіндіктері жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл өзгерістер тек техникалық жарақтандырумен шектелмей, кадрлардың кәсіби дайындығы мен әлеуметтік қорғалуын да қамтып отыр. Соның нәтижесінде төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді әрекет ету жүйесі қалыптасып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ең алдымен, материалдық-техникалық база нығайтылуда. Өткен жылы төтенше жағдайлар қызметтері үшін жүздеген бірлік заманауи техника, жүзу құралдары, мыңдаған құтқару жабдығы мен әуе кемелері сатып алынған. Бұл жабдықтар ең күрделі жағдайларда – орман өрті, су тасқыны, қар құрсауы мен өндірістік апаттар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Әсіресе жол қатынасы қиын немесе қолжетімсіз аймақтарда жаңа техниканың маңызы зор. Аэроқайықтар, гидроциклдер, жол талғамайтын көліктер мен арнайы құтқару машиналары уақыт пен адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.

Сонымен қатар, Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі цифрлық технологияларды да белсенді енгізіп келеді. Соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) рөлі ерекше. Бүгінде ведомство иелігінде 218 дрон бар, олардың 153-і жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған. Бұл құрылғылардың көмегімен табиғи өрт ошақтарын, су басу аймақтарын, мұздық көлдерді және басқа да қауіпті нысандарды әуеден бақылауға болады. Дрондардың көмегімен құтқарушылар оқиға орнын жедел бағалап, нақты шешім қабылдай алады. Олар тек бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар адамдарды іздеу, қауіп туралы хабарлау және жергілікті жердің картасын жасау сияқты маңызды функцияларды да орындайды. Мысалы, арнайы дауыс зорайтқыштар арқылы халыққа жедел ескерту жасау мүмкіндігі бар. Соңғы уақытта мұндай технологиялардың арқасында мыңдаған операция жүргізіліп, ондаған адам құтқарылған.

Қазіргі таңда министрлік автономды режимде, яғни оператордың тікелей қатысуынсыз жұмыс істейтін дрондарды кеңінен енгізіп жатыр. Мұндай 75 аппарат елді мекендерде және Шымбұлақ тау-шаңғы курорты аумағында пайдаланылуда. Аталған құрылғылар тәулік бойы үздіксіз мониторинг жүргізіп, жиналған бейнеақпаратты 24/7 режимінде жедел басқару орталықтарына жолдайды. Соның арқасында төтенше жағдайлар дер кезінде анықталып, құтқару қызметтерінің әрекеті барынша жедел әрі үйлесімді ұйымдастырылады.

Тағы бір маңызды жаңалық – роботтандырылған техника. Қашықтан басқарылатын және шынжыр табанды қозғалыс жүйесі бар роботты Петропавл қаласындағы зауыт мамандары мен Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп жасаған. Өрт сөндіруші робот қауіпті аймақтарда адамдардың орнына жұмыс істей алады. Мұндай құрылғылар әсіресе жарылыс қаупі бар өндіріс орындарында немесе аса ірі өрттер кезінде тиімді. Қашықтан басқарылатын бұл роботтар құтқарушылардың өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтып, операциялардың нәтижелігін арттырады.

Табиғи қауіптердің алдын алуда да инновациялық тәсілдер қолданылуда. Мысалы, таулы аймақтарда қар көшкінін басқару үшін арнайы технологиялар енгізілген. Солардың бірі –тікұшақтың астына ілінетін DaisyBell қондырғысы. Ол қардың үстінде қауіпсіз биіктікте газ қоспасын жару арқылы жұмыс істейді. Осыдан пайда болған соққы толқыны бос жатқан, қауіпті қарды қозғап, оны ертерек түсіреді. Осылайша қауіпті қар көшкінінің алдын алады.

Материалдық-техникалық базадан бөлек, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы да ерекше назарда. Республика көлемінде тұрақты түрде оқу-жаттығулар өткізіліп, түрлі сценарийлер пысықталады. «Көктем-2026» сияқты ірі командалық-штабтық жаттығулар барысында су тасқыны, эвакуация, құтқару жұмыстары толық қамтылады. Мұндай шаралар барлық қызметтің үйлесімді әрекет етуін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттырады.

Сонымен қатар, халықпен жұмыс та жүйелі түрде жүргізілуде. Азаматтық қорғаныс айлығы аясында еліміздің барлық өңірінде оқу-жаттығулар, ашық сабақтар, көрмелер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл бастамалар тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын үйретуге бағытталған.

Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту да мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналған. Соңғы өзгерістерге сәйкес, азаматтық қорғау қызметкерлеріне былтырдан бері тұрғын үй төлемдері төленеді. Бұл қолдау шарасы өрт сөндірушілерге, құтқарушыларға, диспетчерлерге, медицина қызметкерлеріне және осы саладағы басқа да мамандарға арналған. Ең бастысы, төлем алу үшін еңбек өтілі немесе отбасы жағдайына шектеу қойылмайды, бұл жүйенің әлеуметтік әділдігін көрсетеді.

Сонымен бірге, қызметкерлерге қызметтік тұрғын үйлер беру тәжірибесі де қолға алынған. Заманауи үлгіде салынған пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен толығымен жабдықталады. Яғни құтқарушылар жаңа баспанаға бірден қоныс аударып, тұрмыс мәселесіне алаңдамай, өз міндеттерін алаңсыз атқара алады.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда азаматтық қорғау жүйесі кешенді түрде дамып келеді. Заманауи техника, цифрлық технологиялар, жоғары деңгейдегі дайындық және әлеуметтік қолдау – осының барлығы құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысын тиімді әрі қауіпсіз етуге бағытталған. Бұл тек саланың дамуы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға жасалған маңызды инвестиция.