$ 486.2  557.82  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 12:40
Қоғам

Алматыда атақты әртістердің жарнамасына алданған ата-аналар 1,5 млн теңгесін қайтара алмай жүр (ВИДЕО)

Полиция қылмыстық іс қозғаған

Алматы қаласында тіркелген «Jan Production» жеке кәсіпкерлігі ата-аналарды алдап, балаларын киноға түсіру үшін 1,5 млн теңге көлемінде төлем алған. Ата-аналардың көбі бұл ақшаны несиеге алған екен. «КТК» телеарнасының жаңалықтарына сенсек, балалар киноға түспеген, орталық жұмысын тоқтатқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ата-аналардың айтуынша, кастинг осы кеңседе өткен. Алданып қалдым деген ата-ананың бірі -  көпбалалы ана Әйгерім Рақышева. Оның айтуынша, орталық мамандары ұлының кастингтен өткенін, кинода басты рөлді сомдайтынын, жабық көрсетілімге лимузинмен келіп, қызыл кілеммен жүретінін айтып сендірген. Басты рөл үшін олар бір жарым миллион теңге сұраған көрінеді. Ұлының кино жұлдызы болғанын армандаған келіншек бір жарым миллион теңгесін санап беріп, келісімшарт жасасқан.

«Бір жарым миллион теңгені несиеге алып,  баламызды осы кастингке қатыстырдық. Ақпанның аяғына дейін екі ай сабақ өтті. Бірақ, балам киноға түскен жоқ, яғни, мен алданып қалдым. Балама не айтарымды білмеймін», - дейді келіншек.

Анар Мыңбаева есімді келіншек те қызының жұлдызы жарқырасын деп бір жарым миллион теңгесін берген.

«Бізге үлкен премьера болады деп уәде етті. Төрт баламның аузынан жырып алып, ақшасын төледім. Ал олар бала арманның күлін көкке ұшырды», - дейді ол.

«КТК» тілшілері киностудияның иесі Ержан Едігебаев деген азаматқа телефон соғып, комментарий алған.

 «Компанияның кассасында ақша жоқ. Қаржы жағын қалыпқа келтірген соң, түсірілімді қайта бастаймыз. Егер болмай жатса, ақшаны толық қайтарамыз. Актерлердің компанияға еш қатысы жоқ. Оларға біз ойнаған рөлі үшін ақша төлеп отырмыз», - деген Jan Production киностудиясының басшысы.

Ал әйгілі актер Жан Байжанбаев бұл студияның жарнамасына түсу үшін гонорар алғанын, бірақ, компанияға еш қатысы жоқ екенін айтқан.

«Мен Jan Production компаниясының басшысы емеспін. Компанияға қатысым жоқ, мен тек жалдамалы актермін. Ержан менің жұмысымды ұнататындықтан, студияны менің атыммен атады. Ол менен бұл туралы сұрады, мен оған рұқсат бердім. Ол маған мән-жайды түсіндіріп, түсірілімді жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты. Тіпті балалармен тегін түсірілім жасауымды, ата-ана алдындағы міндетімді орындауымды өтінді. Ал мен келісемін. Мен қазір ауруханадамын, бірақ менің кестем әзірше икемді. Сәуірде бастаймыз деп ойлаймын», - деген актер.

Ал, Алматы қаласының полиция департаменті ата-аналардың арызы негізінде қылмыстық іс қозғаған.