Қазақстандықтар 31 күн ішінде қандай төлем жасамаса, айыппұл төлейтіні белгілі болды
Бұрын бұл мерзім тек жеті күн еді
Көлік министрлігі ақылы жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Енді осы бұйрыққа сай, ақылы жолмен жүріп өткен қазақстандықтар оның ақшасын 30 күн ішінде төлей алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұрын бұл мерзім тек 7 күн еді. Енді, жаңа бұйрыққа сай, ақылы жолдардың ақшасын 30 күн төлемеген азаматтардың ісі 31-ші күні көлік бақылау органдарына жолданады.
«Бұған дейінгі нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын жеті күнтізбелік күн ішінде төлемеген жағдайда, сегізінші күні материалдар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес қарау үшін көліктік бақылау органдарына кететін еді. Енді жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады», - деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Яғни, министрлік осы арқылы қазақстандықтар үшін ақылы жолдардың төлемін жасайтын мерзімді ұзартып, жеңілдік жасаған.