Үкімет жасанды интеллектінің арқасында арзан азық-түлікті қымбатқа сатқандарды анықтаған
Жыл басынан бері осындай 631 факт тіркелген
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына үстеме бағаға қосып, қымбатқа сатқан тұлғаларға қатысты наурыз айының өзінде 56 іс тіркеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды. Дереккөзге сүйенсек, бүгін премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңес өткізген.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жыл басынан бері 2 мыңнан астам электронды шот-фактура талданған. Ол талдаулар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін қолдану талаптарын бұзған 631 деректі тіркеген көрінеді.
«Қазір біз жасанды интеллект көмегімен сауда үстемесінің шекті мөлшерден асуы фактілерін ғана емес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша жасалатын сауда мәмілелерінің санын да талдап отырмыз. Мәселен, егер бір күн ішінде бір тауар бойынша бірнеше мәміле жасалса, олардың жалған болуы ықтималдығы жоғары. Наурыз айының алғашқы жартысының өзінде тиімсіз делдалдарға қатысты 56 әкімшілік іс тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды», — деді Айжан Бижанова.