Бізді халықтың жүріс-тұрысы алаңдатып отыр – ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі
Ол карантиннің қайтадан енгізілгеніне қарамастан, вирус жұқтырғандар санының күн сайын артып жатқанын айтты

Шектеу шаралары алынғаннан кейін Қазақстан халқы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қарапайым ұсыныстарын орындағанда, елдегі эпидемиологиялық жағдай қазіргідей болмас еді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Кэролайн Кларинваль БҰҰ сайтына берген сұхбатында айтты.
«Бізді халықтың жүріс-тұрысы қатты алаңдатады. Карантин алынғаннан кейін қауіпсіздік шараларын бәрі сақтады деп айту қиын. Әсіресе, арақашықтық сақталмады. Вирус туыстар арасында кең тарап кетті. Денсаулық сақтау саласына түскен жүктеме артты және оған қолдау қажет», - деді Кэролайн Кларинваль.
Ол халықтың карантиннен кейінгі іс-әрекетіне көп нәрсе байланысты екенін айтты.
«Егер де халық арақашықтықты сақтаса, ДДСҰ-ның қарапайым ұсыныстарын орындаса, жағдай басқаша болар еді. Дегенмен, эпидемиологиялық шараларды қабылдағанда карантиннің әлеуметтік-экономикалық әсерін де ұмытпау керек», - деді ол.
Кэролайн Кларинвальдің айтуынша, Қазақстанда жаңа карантин шаралары енгізілсе де, вирус жұқтырғандар саны күн санап артып жатыр. Сонымен қатар ол Қазақстандағы медқызметкерлердің коронавирус жұқтыру жағдайы туралы пікір білдірді.
«Қазақстан – өте үлкен мемлекет. Барлық медқызметкерлерді үйретіп, қорғаныс құралдарымен қамту үшін көп күш салу керек. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері күн сайын үлкен жұмыс атқарып жатыр. Бірақ мұны бәрі бағалай бермейді. Бұл жағдай психологиялық күйге, мотивация алуға кері әсер етеді», - деді ол.
Сонымен қатар, Қазақстандағы өкілдік басшысы мемлекеттегі пневмония туралы асығыс шешім қабылдамау керек екенін айтты.
«Маусым айының басынан бастап пневмония саны күрт артты. Бізге жағдайды анықтауға тапсырма түсті. Денсаулық сақтау министрлігі де бұл жұмыспен айналысып жатыр. Біз алдымен мәліметтерді сараптауымыз керек. Әрине, мен де бұл жағдай COVID-19 деп ойлаймын. Кей пациенттер медициналық көмекке кеш жүгінген болуы мүмкін. Сонымен қатар, жергілікті зертханалардың жағдайын да тексереміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға сарапшылар жібереді. Бастысы, асығыс шешім қабылдамаған жөн», - деді ол.