Колледж және ЖОО студенттері де қашықтан білім алады
Дегенмен, кейбір мамандықтар үшін дәстүрлі оқыту форматы қолданылуы мүмкін
Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары сияқты, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері де қашықтан білім алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
Дегенмен, Білім министрі атап өткендей, өндірістік практикада дәстүрлі оқыту форматы қолданылуы мүмкін.
«Колледждер жаңа оқу жылын қашықтан оқыту режимінде бастайды. Дәстүрлі форматты тек бірінші және бітіруші курс студенттері үшін практика ұйымдастыру кезеңінде санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізуге мүмкіндік бар», - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр атап өткендей, жоғары білім беру процесі де кейбір мамандықтарды есепке алмағанда, негізінен, қашықтан оқыту режимінде ұйымдастырылады.
«Университеттерде дәстүрлі формат жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін болады. Сондай-ақ кейбір мамандықтарға (онлайн білім беру мүмкін емес – авт.) дәстүрлі оқыту мүмкіндігі беріледі», - деп хабарлады Аймағамбетов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан