Дауыс берушілер тарапынан ешқандай заң бұзушылық байқалған жоқ дейді ол
Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Новоишим ауылындағы №358 учаске жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға толық дайындықпен кіріскен. Тұрғындар дауыс беруге белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап жатыр. «AMANAT» партиясы атынан бақылаушы болып отырған Қамар Абитаева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Новоишим ауылындағы №358 дауыс беру учаскесі жалпыхалықтық референдумға жоғары деңгейде дайындалғаны байқалады. Учаскеде барлық ұйымдастыру жұмыстары алдын ала жүргізіліп, дауыс беру процесін өткізуге қажетті жағдайлар толық қамтамасыз етілген. Референдум басталған сәттен бастап учаскеге тұрғындар ағылып келіп жатыр. Халықтың белсенділігі жоғары, дауыс беруге келген азаматтардың көңіл-күйі көтеріңкі екені жүздерінен көрініп тұр», - дейді Абитаева.
Айтуынша, дауыс беру барысында тәртіп сақталып, барлық рәсім заң талаптарына сай орындалып жатыр. Референдум кезінде ешқандай заңбұзушылық, тәртіп бұзу фактілері болмаған.