Осы жолғы референдумда сайлаушылардың белсенділігі бірден байқалады – бақылаушы
Референдум тыныш өтіп жатыр дейді ол
Жаңа Конституция бойынша референдумда сайлаушылардың белсенділігі жоғары, дауыс беру процесі заң талаптарына сай, тыныш өтіп жатыр. Бұл туралы референдумда «AMANAT» партиясы атынан бақылаушы болып отырған Әйгерім Сұлтанғазина мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін №36 сайлау учаскесінде бақылаушы ретінде отырмын. Таңертең сағат алты жарымнан бастап сайлау комиссиясының төрағасы заңнамаға сәйкес кабинкалардың ішін, бәрін көрсетіп, таныстырып, бастап ашты. Урналардың бәріне пломба қойылды. Сайлау комиссиясы бюллетеньдерді санап, жұмысын бастады, ал таңғы жетіден бастап сайлаушылар келе бастады», - деді Сұлтанғазина.
Бақылаушының айтуынша, сайлаушылардың қарқыны жаман емес.
«Осы жолғы референдумда сайлаушылардың белсенділігі бірден байқалады, таңғы жетіден бастап қарқынды келіп жатыр. Ол қуантарлық жайт. Өйткені еліміздің азаматтары ел болашағы үшін өз таңдауын жасап жатыр. Жалпы барлығы тыныш, жақсы өтіп жатыр», - деп атап өтті ол.
Айта кетері, бүгін қазақстандықтар жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда дауыс береді. Сайлау учаскелері таңғы жетіден кешкі сегізге дейін жұмыс істейді.