$ 489.39  567.99  6.19
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоғыз мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан оралды - Тоқаев Таяу Шығыстағы көріністі сипаттады

Жұмыс әлі жалғасып жатыр 

Тоғыз мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан оралды - Тоқаев Таяу Шығыстағы көріністі сипаттады
Фото: iStockphoto

Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстан оралған отандастарымыз туралы айтты. Қақтығыс басталған кезде Қазақстан азаматтарын қауіпсіз эвакуациялау үшін шұғыл шаралар қабылданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға өз мемлекеті – Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын екенін біледі. Бұған жақында Таяу Шығыстағы қақтығыстың ортасында қалған туристеріміз, қажылық сапарға аттанған отандастарымыз, кәсіпкерлеріміз көз жеткізді. Жағдай шын мәнінде күрделі еді. Шиеленіс басталған сәтте өңір елдері басшыларына осынау қиын-қыстау кезде шынайы қолдауымды білдіріп, хат жолдадым. Бұдан бөлек, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Оман, Сауд Арабиясы басшыларымен телефон арқылы сөйлестім. Сондай-ақ отандастарымызды жедел эвакуациялау тапсырылды. Ел аумағындағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен маңызды инфрақұрылымдарды қорғау, Қарулы күштер мен құқық қорғау ведомстволарында жауынгерлік кезекшілік ұйымдастыру жөнінде міндет жүктедім»,- деді президент. 

Мемлекет басшысы атағандай, Сыртқы істер министрлігінің жанынан арнайы штаб құрылды. Оның құрамына барлық ведомствоның өкілдері енді. Бұл жұмысқа әуе тасымалдаушы және туристік компаниялар, ерікті демеушілер атсалысты. Штаб тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарымызды аймақтан қауіпсіз жолдармен алып шығуға бар күшін салды.

«Қақтығысқа қатысушы тараптар бір-бірінің әскери және азаматтық нысандарын, соның ішінде әуежайларды баллистикалық зымырандармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен атқылады. Соның салдарынан көптеген елдің әуе кеңістігі жабылды. Кей жағдайларда отандастарымызды өзге елдердің аумағы арқылы алып өтуге тура келді. Оларды дипломаттарымыз бен консулдық қызметкерлері қарсы алып, ұшақтарға жайғастырып, елге шығарып салды», - деді президент. 

Мемлекет басшысы мәлім еткендей, Иранда қалған азаматтар Әзербайжан, Армения және Түрікменстан шекаралары арқылы эвакуацияланды. Елшіліктер ұдайы байланыста болып, тиісті көмек көрсетті. Осы күрделі жұмыстың нәтижесінде 9 мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр.