$ 489.39  567.99  6.19
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 13:40
Қоғам

«Осыдан бір ғасыр бұрын салынған»: Қазақстанда 124 вокзал жыл соңына дейін түгел жаңарады

Ескі вокзалдарды жаңғырту жұмыстары былтыр басталған

«Осыдан бір ғасыр бұрын салынған»: Қазақстанда 124 вокзал жыл соңына дейін түгел жаңарады
Фото: Арыс қаласының әкімдігі

Қазақстанда көлік және транзит инфрақұрылымын жаңғырту ауқымды қарқынмен жүріп жатыр. Былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөнделсе, биыл 3700 шақырымнан астам жаңа желілер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар вокзалдар мен жергілікті жолдар жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-транзит саласындағы әлеуетін біртіндеп нығайта беретінін атап өтті. Бұл шаруа коммуналдық, энергетикалық және су саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмысымен қатар жүреді.

«Мысалы, былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөндеуден өтті. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Биыл 3700 шақырымнан астам жаңа теміржол желілері төселіп, пайдалануға беріледі.  Қазіргі таңда жолаушылар үшін жаңа бағыттар ашылып, вагондар паркі жаңартылып жатыр. Сондай-ақ вокзалдар қайта жөндеуден өтуде. Себебі олар орташа есеппен алғанда 60 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Тіпті, еліміздегі он вокзал осыдан бір ғасыр бұрын салынған.  Жалпы, біз былтыр Қазақстандағы 124 вокзалды түгел жаңғырта бастадық. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталады. Мұндай ауқымды бастама алғаш рет қолға алынды», - деді Тоқаев мәслихат депутаттарының форумында.  

Айтуынша, алдыңғы жылы көптен күткен Астана – Алматы күре жолын жөндеу жұмыстары толық біткен.

«Мен бұған дейін Астананы еліміздің батыс аймақтарымен байланыстыратын мүлде жаңа автокөлік жолын салуды тапсырдым. Қазір бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрине, кең жолақты жолдар еліміз үшін аса қажет. Дегенмен жергілікті жолдар да назардан тыс қалмайды. Себебі миллиондаған азаматымыз, соның ішінде ауылдағы ағайын үшін автокөлік жолы, шын мәнінде, «өмір жолы» саналады. Сапалы жол болса, жұрт тұрмыс-тіршілігін жақсартып, бизнесін дамыта алады. Былтыр жалпы ұзындығы 13 мың, оның ішінде жергілікті маңызы бар 3 мың шақырым тас жол жөндеуден өтті. Биыл тағы 2300 шақырымға созылатын жергілікті жолдар жаңғыртылады. Алдағы үш жылдың ішінде осындай 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай жөнделеді. Бұл – Қазақстанның құрлық шекарасынан үш есе көп қашықтық», - деді мемлекет басшысы.

Алайда Үкімет және тиісті мемлекеттік мекемелер жол инфрақұрылымының сапасына ерекше мән беруге тиіс, деп тапсырды Тоқаев.