Вьетнамда жоғалған қазақстандық қыз: СІМ мәлімдеме жасады
Бойжеткен әлі іздестіріліп жатыр
1999 жылы туған қазақстандық Әсем Әубәкір Вьетнамға барған сапары кезінде хабар-ошарсыз кеткен. Ол соңғы рет 6 наурыз күні сағат 14:42 шамасында Хошимин қаласында жүрген кезде туыстарымен байланысқа шыққан. Содан бері жақындары онымен байланыса алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қыздың жоғалғаны туралы әлеуметтік желіде оның әпкесі Рузанна Жүсіпова айтып, дабыл қақты. Туыстарының мәліметіне сүйенсек, Әсем жоғалар алдында басқа қалаға – Ханойға баруды жоспарлаған. Сонымен қатар оның қолында қолма-қол ақша да көп болмаған.
Жақындарының сөзінше, жоғалардан аз уақыт бұрын қыз өзін біреулер аңдып жүрген болуы мүмкін екенін айтқан. Осыдан кейін онымен байланыс үзіліп кеткен.
Туыстары Вьетнамда жүрген қазақстандықтардан іздеуге көмектесуді сұрап отыр. Олар мүмкіндігінше ауруханаларды тексеріп көруге, полицияға жүгінуге немесе қыздың қайда екенін анықтауға көмектесетін кез келген ақпаратты хабарлауды өтінді. Сондай-ақ жақындары Оңтүстік-Шығыс Азиядағы көрші елдердің интернет-қауымдастықтары да көмектеседі деп үміттенеді.
Бұл жағдайға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық дипломаттар қызды іздеу жұмысына қазірдің өзінде қосылған.
«Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі Аубакир Асемнің туыстарымен байланыста және Вьетнамның құзырлы органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жағдай ҚР СІМ бақылауында», – деп хабарлады министрлік.
Қызды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Туыстары ақпараттың кең таралуы оның жүрген жерін тезірек анықтауға көмектеседі деп үміттенеді. Егер кімде-кім Әсем Әубәкір туралы қандай да бір мәліметті білсе, жақындары оны дереу құқық қорғау органдарына немесе Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне хабарлауды сұрайды.