$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 12:15
Қоғам

Yandex пен inDrive рөлі оң жақтағы 70 мыңнан астам көлікті такси қызметінен алып тастады

Бұл туралы депутаттардың сұрағына жауап берген Роман Скляр мәлім етті

Yandex пен inDrive рөлі оң жақтағы 70 мыңнан астам көлікті такси қызметінен алып тастады
Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy

Бұған дейін жазғанымыздай, былтыр, яғни, 2025 жылы бір ғана Алматы облысында Toyota Alphard маркалы көліктердің кесірінен 374 адам жол апатынан қаза тапқан. Осы дерек айтылғанда жиында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров өлім-жітімді азайту үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын айтқан еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Такси операторлары — Yandex және inDrive компанияларымен бірлесіп, техникалық тексерістен өтпеген көліктер мен рөлі оң жақтағы автокөліктерді, яғни Alphard-ты, такси қызметіне жібермеу туралы келісімге келдік. Мұндай көліктермен такси жүргізушісі болып жүргендер заңсыз жұмыс істеп отыр», -деген болатын көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Міне, арада бір ай өте осы мәселені үнемі қозғап жүрген Мәжіліс депутаттарының кезекті депутаттық сауалына жауап  берген премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр нақты неше көлік такси платформаларынан «шығып» қалғанын хабарлаған.

Рөлі оң жақтағы 70 мың көлік иесі «таксиден» түсетін табыстан қағылды

Роман Склярдың айтуынша, Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігі бірлесе отырып, 2023-2027 жылдарға арналған бірлескен Жол картасын бекіткен екен.

«2024 жылы осы Жол картасының арқасында Ішкі істер министрлігі, Көлік министрлігі, «Яндекс. Такси» ЖШС және «Inservice» ЖШС («inDrive») ынтымақтастық туралы меморандумдарға  қол қойды. Меморандум оң жақ рульді автомобильдердің такси қызметтерінен кезең-кезеңімен алып тастауды, жүргізушілерді Жол ережелерін сақтауға ынталандыратын әртүрлі жүйелерді енгізуді қамтиды.  Қазіргі уақытта бірлескен жұмыс нәтижесінде рулі оң жақта орналасқан  70 мыңнан астам көлік осы интернет-платформалардан жойылды», - деп хабарлаған Скляр.

Бұдан өзге, Склярдың сөзіне сенсек, меморандум аясында қала арасында адам тасымалдайтын такси жүргізушілерінің ұйқы, демалу және неше сағат жолда екенін, яғни, қаншалықты шаршағанын бақылау режимін енгізу де көзделген.

«Аяққа оратылып, жол бермейді...»: енді адамдарға маза бермейтін таксилер де жазаланады

Өз жауабында Роман Скляр жолдағы өлім-жітімді азайту мен жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуден бөлек, аяққа оратылып, жол бермейтін такси жүргізушілерге де қатысты шара болатынын баса атап өткен.

Мәселен, 2025 жылы аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша жолаушыларды заңсыз тасымалдаған 4 333 жүргізуші ірі көлемде айыппұл арқалаған.

«Ал, қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу және такси қызметтерін көрсету мақсатында мазалап өтініш білдіру фактілері бойынша 16 797 адам  әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңнамаға сәйкес, кез келген такси жүргізушісі құзырлы органдарға алдын ала хабарлама жіберіп, рұқсат алу керек», - деп жазылған Склярдың жауабында.

Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда

Бір топ өздерінің ресми сауалында жол апаттарынан көбіне балалар зардап шегетінін, ең өкініштісі олардың біразы қаза тауып, ата-ана үшін орны толмас қаза орнайтынын баса айтқан. Сондықтан, депутаттар үкімет жалпы білім беретін орта мектептерде автомобиль ісі мен  жол қозғалысы қауіпсіздігінің негіздері бойынша факультативтік курсын енгізгені абзал болатынын айтқан.

Өз жауабында Роман Скляр бұл мәселеге кеңінен тоқталыпты.

«Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес Жол жүрісі қағидаларын оқыту бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін (1-4 сыныптарда – жылына 14 сағат, 5-9 сыныптарда – 11 сағат, 10-11 сыныптарда – 7 сағат) оқылады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында және мектепалды сыныптарда апта сайын 10 минуттан ойын түрінде көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыстың теориялық түсініктері мен практикалық дағдыларын қалыптастыру бойынша сабақтар өтеді», - деп хабарлаған Скляр.

Жалпы, оның айтуынша, сабақтан тыс уақытта да бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Сабақтан тыс уақытта 2 миллионнан астам оқушы жолдағы қауіпсіздік тақырыбына арналған сабақтарға қатысқан. 2025-2026 оқу жылының 1-жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мектептерде 3,9 мыңнан астам кездесу өткізіп, 1,9 млн оқушыға «қауіпсіздік сабақтарын» үйреткен көрінеді.