Ақмолада тамақ пісірмек болған балалар үйді өртеп жіберді (ВИДЕО)
Екі бала үйде жалғыз қалған.
Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Макинск қаласында өрт сөндірушілер түтінге толған пәтерден екі баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртті кезекшілік кезінде өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өздері байқап қалған. Олар жақын маңдағы көпқабатты үйдің бесінші қабатынан жалын шыққанын көріп, ресми шақыртуды күтпестен оқиға орнына дереу жеткен.
Анықталғандай, өрт пештегі тамақтың жанып кетуінен шыққан. Ересектердің қарауынсыз қалған екі кәмелетке толмаған бала пешке кастрөл қойып, өздері ұйықтап кеткен. Тамақ күйіп, соның салдарынан ашық жалын тұтанып, пәтерді қалың түтін басқан.
«Өртті қолда бар құралдардың көмегімен жедел сөндірген құтқарушылар түтінге толған пәтерден екі баланы аман-есен эвакуациялады. Тағы 25 тұрғын қауіпті аймақтан өздері шығып үлгерді», – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды және балаларды қараусыз қалдырмауды еске салады.