Коммуналдық қызметке төленген артық қаражат азаматтарға тек ақшалай түрде қайтарылуы тиіс - депутат

Автор: Темірхан Айжан

Мұрат Әбеновтың айтуынша, заңға қайшы келетін шарттардың заңдық күші жоқ 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға енген жаңа өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, енді коммуналдық қызметтер үшін артық төленген қаражат азаматтарға тек ақшалай түрде қайтарылуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат бұл ережені авиабилеттерді қайтару жүйесімен салыстырып өтті.

«Егер төлем артық жасалса, ол міндетті түрде ақшалай қайтарылуы керек. Оны жеңілдік, бонус немесе басқа да қызмет түрлерімен алмастыруға болмайды. Біз бұл норманы заңға азаматтардың мүддесін қорғау үшін арнайы енгіздік», – деді ол.

Оның айтуынша, бұрын азаматтардың құқығын шектейтін «антиконституциялық» нормалар болды. Тұтынушы бизнес өкілімен дауласса, сотқа бармас бұрын міндетті түрде медиациядан өтіп, арнайы комитеттерге жүгінуі тиіс болатын. Бұл процесс кейде алты айға дейін созылатын. Енді кез келген азамат делдалсыз, тікелей сотқа арыз беруге құқылы.

Коммуналдық қызмет көрсетушілер де осы қағидаға бағынады. Тұтынушы қызмет үшін ақшамен төлегендіктен, өтемақыны да тек ақшалай талап етуге құқығы бар.

Депутаттың сөзінше, егер келісімшартта тұтынушының құқығын шектейтін заңсыз тармақтар болса, олар жарамсыз деп танылады. Тіпті тұтынушы ол құжатқа қол қойып қойса да, заңға қайшы келетін шарттардың заңдық күші болмайды.