Шұғыл: Щучьеде сегіз адамның өмірін қиған «Центр плова» дәмханасының қожайыны ұсталды
Ақпаратты облыстық прокуратура растады
Ақмола облысының Щучье қаласында сегіз адамның өмірін қиған жарылыстан кейін дәмхананың иесі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. 2026 жылғы 2 наурызда ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес «Центр плова» дәмханасының иесі ұсталды», - деп растады Ақмола облысының прокуратурасы.
Дәмханада болған жойқын жарылыстан кейін Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі — «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Тергеу барысы Қазақстан Бас прокуратурасының бақылауында, деп атап өтті облыстық прокуратура.
Естеріңізге салайық, 26 ақпан күні кешкі 21:56-да Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Щучье қаласындағы «Центр плова» дәмханасында жарылыс болды. Салдарынан жеті адам қаза тауып, отызға тарта адам зардап шеккен.
Ал бүгін ауруханада ауыр хәлде жатқан тағы бір пациент көз жұмғаны хабарланды.