Құрбан айттан кейін жоғалып кеткен: Таразда қызы мен немересі «өлді» деп таныған әже тірі болып шықты
Зейнеткер басқа ауылда жұмысқа тұрып, пияз жинаумен айналысқан
Жамбыл облысында туыстары мәйітін танып, «өлдіге» санаған зейнеткер әйел көп ұзамай үйіне аман-есен оралған. Сот шешімімен оның қайтыс болғаны туралы акт жазбасы жойылып, берілген куәлік жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, 73 жастағы әйел 2024 жылғы тамыз айында Таразда тұратын әпкесінің қасына көшіп кеткен. Алайда былтыр әпкесі полицияға арызданып, Құрбан айт мейрамынан кейін оның жоғалып кеткенін айтқан. Дәл сол жылдың тамызында ауыл маңындағы өрістен бір адамның мәйіті табылады. Зейнеткердің қызы мен немересі оны жоғалған әйелдің денесі деп танып, қайтыс болғаны туралы жазба тіркеліп, тиісті куәлік берілген. Бірақ 2025 жылғы қыркүйекте жоғалған зейнеткер Жамбыл ауданының Қостөбе ауылына ағасының үйіне аман-есен оралған.
Осыған байланысты зейнеткердің қызы сотқа жүгініп, анасының құқықтық мәртебесін қалпына келтіруді және қайтыс болғаны туралы жазбаны жоюды сұраған. Оның айтуынша, анасының кез-келген уақытта туыстарына немесе басқа да жерлерге кетіп, ұзақ уақыт үйде болмайтын әдеті бар.
Сот барысында ауылдан табылған мәйіт басқа адамға тиесілі екені анықталды. Қайта сараптама жасалып, марқұмның жеке басы анықталды, осылайша қылмыстық іс тоқтатылды.
Ал «өлдіге» саналған қарт әйел Құрбан айттан кейін Айша бибі ауылына барып, пияз жинауға жұмысқа орналасқан. Алайда ай сайынғы зейнетақысы тоқтап қалған соң, себебін білу үшін Таразға келген. Сол кезде өзінің «қайтыс болғанын» білген.
Жамбыл аудандық сотының шешімімен зейнеткер әйелдің қайтыс болғаны туралы куәлік жарамсыз деп танылып, акт жазбасы жойылды.