Елордада дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендермен күрес күшейеді
Қалада екі күн ішінде 15 дәріханаға тексеру жүргізілді
«Астана - адалдық алаңы» екі күн ішінде 15 дәріханаға тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтар анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
«Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы арнайы мониторинг тобымен бірлесіп, елордалық дәріханаларға тексеру жүргізуді жалғастыруда. Бейсенбі күні рейд IKOMEK 109 байланыс орталығына түскен мекен-жай бойынша өтті. Атап айтсақ, «Murat-Farm 35» дәріханасында қала тұрғынына 90 мг «Ингаверинаны» 7 мың теңгеге сатқан. Бұл дәрі-дәрмектің dari.kz ресми сайтында құны 5 940 теңге мөлшерінде көрсетілген.
Жеңіс даңғылындағы 26а-үйдегі дәріханада қала тұрғыны 16 310 теңгеге 30 мг «Дайвобет» жақпа майын сатып алған, бірақ белгіленген баға 9 435 теңге. Дәріхана сатып алушыға артық төлеген ақшасын қайтарды.
«Бұл жерде дәрілік препараттың бағасы 6 мың теңгеге өскен. Қазір біз тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне осы мекемені бақылауға алуды және олар сататын барлық тауарларды толық тексеруді тапсырдық», - дейді «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Сәуле Бисембаева.
Мониторинг нәтижелері нақты шара қабылдау үшін жауапты органдарға жіберілетін болады.
«Дәріханаларды тексеру бойынша рейдтер жалғасуда. Сонымен қатар барлық азаматтардан дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттағаны анықталса, +7 775 160 55 32 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберулерін сұраймын. Қазіргі уақытта медициналық дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру - құқық бұзушылық болып саналады», - деп атап өтті «Астана-адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекенов.