«Pinco» онлайн-казиносын жарнамалаған қазақстандық блогерлер жазалана ма

Автор: Нұргүл Абай

Казиноны ұйымдастырғандар шетелден әрекет еткен

Фото: freepik.com

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев шетелдіктер ұйымдастырған «Pinco» онлайн-казиносын жарнамалаған қазақстандық блогерлер жауапкершілікке тартыла ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жуырда Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі шетелдікке іздеу жариялаған еді. Олар «PIN-UP» және «PINCO» брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін шетелден басқарған.

Мәжіліс кулуарында журналистер бас прокурордың орынбасарынан осы казиноны жарнамалаған блогерлер жазалана ма деп сұрады.

«Қазақстандағы блогерлерге келсек, мұнда негізінен қылмыстық жауапкершілік ақшаны заңдастыру және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу баптары бойынша қарастырылады. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, кірістерді заңдастырған блогерлердің барлығы қылмыстық жауапқа тартылады», - деп жауап берді Қойгелдиев.

Ал онлайн-казино ұйымдастырған шетелдіктерді Қазақстанға экстрадициялау мүмкін болмаса, қылмыстық іс сол елге жолданады.

«Халықаралық құқықта «не бер, не сотта» деген қағидат бар. Барлық жұмыс дәл осы қағидат аясында жүргізіледі», - деді ол.