$ 494.63  583.22  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 10:34
Қоғам

Астана мен Шымкенттің жаңа прокурорлары тағайындалды

Мұқанов 2021 жылдан бері Шымкенттің прокуроры болған

Астана мен Шымкенттің жаңа прокурорлары тағайындалды
Фото: Бас прокуратура

Бас прокурордың бұйрығымен Ғабит Мұқанов Астана қаласының прокуроры, ал Елдос Сағиев Шымкент қаласының прокуроры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана прокуроры

«Мемлекет басшысының келісімімен және бас прокурордың бұйрығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ғабит Қасымбекұлы Мұқанов Астана қаласының прокуроры лауазымына тағайындалды», - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ғабит Мұқанов еңбек жолын Алматы облысы Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі ретінде бастаған. Әр жылдары Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры, Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры, Астана қаласы прокуратурасының аппарат басшысы-басқарма бастығы, Астана қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Кадрлық дамыту департаментінің бастығы лауазымдарын атқарды.

2021 жылғы тамыздан Шымкент қаласының прокуроры болып қызмет еткен.

Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

Прокуратураның құрметті қызметкері.

Шымкент прокуроры

Ал мемлекет басшысының келісімімен және бас прокурордың бұйрығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Елдос Әлиханұлы Сағиев Шымкент қаласының прокуроры болды.

Елдос Сағиев прокуратура органдарындағы қызметін Ақмола облысы Шортанды ауданы прокурорының көмекшісі ретінде бастаған.

Әр жылдары Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қостанай және Маңғыстау облыстары бойынша департаменттерінде, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2022 жылғы тамыздан Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау қызметінің бастығы болды.

Қызметтегі жоғары жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ІІ дәрежелі «Айбын» және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен наградталған.