Сын сағатта бәріміз тастай жұмылуымыз керек – Нұртөре Жүсіп

Автор: Azattyq Rýhy

Сенатор Президент үндеуіне қатысты өз пікірін білдірді

Фото: ашық дерек көздерінен

8 маусым күні кешке ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күреске отандық медицинамыздың дайын болмағанын мәлімдеп, ел ішінде орын алған аласапыранға кінәлілер жауап береді деді. Сондай-ақ, Президент шешімімен 13 шілде  – коронавирустан көз жұмғандарды еске алуға арналған қаралы күн болып жарияланды. Azattyq Rýhy елдегі орын алып жатқан жағдайға, кешегі президент үндеуіне байланысты елімізге белгілі журналист, сенатор Нұртөре Жүсіппен сұхбаттасқан еді.  

Нұртөре мырза, еліміздегі қазіргі жағдай тым күрделеніп кеткен жоқ па?

– Иә, біздің еліміздегі жағдай қатты алаңдатарлық, тіпті SOS дабылын қағатын деңгейге жетті. Күн сайын әлеуметтік желіде қайтыс болған азаматтар туралы қазанама көбейді. Қайғы арқалаған әулеттер қатары артып барады. Ет жақын туыстарынан айрылған отбасыларға көңіл айтамыз.

Президент «Денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз» деп, мәселені ашық айтты. Мемлекет басшысы пандемиямен күресуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтті. Мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Алайда, бөлінген қаражат қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр? Халық дәріханадан қарапайым парацетомолдың өзін таппай қиналып қалды. Бұл тұрғыда қатаң тексеріс жасалуы керек.

– Қазір бұқара жұрт індетпен бетпе-бет қалып, өмір үшін жанталасып жатыр. Көпшілік жағдайдың тұрақталатынына күмәнмен қарауда...Біз бұл індетке қалай тойтарыс бере аламыз?

– Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа телевизиялық үндеу жасады. Мемлекет басшысы қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайдың өте күрделі екенін жасырмады.

Әлем бойынша және Қазақстанда коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатыр. Президент «Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен, 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол себепті, бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. Мемлекеттік комиссияның шешімімен, 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды. Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты» деп атап өтті.

Ендігі кезекте бала-шағамыз бен өз денсаулығымыз үшін  жауапкершілік алатын уақыт жетті. «Індет жоқ» деген сөзге сенуге болмайды. Оның қаншалықты қауіпті екенін жан-тәнімізбен сезініп жатырмыз. Қазір азаматтар өзімен-өзі қалды. Қиындықтармен бетпе-бет ұшырасып, әркім өз білген әрекетімен жан сақтауға ұмтылып жатыр.

Осындай аласапыранда кейбір ардан безген кәсіпкерлер дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатып, пайда көріп қалу үшін жанталасып жатыр. Бұларға қалай тосқауыл қоюға болады?

– Президенттің «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Мұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес, жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Сол сияқты, дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де  толығымен қамтамасыз етіледі» деген сөздері дәтке қуат бергендей. Дәріханаларды қажетті дәрі-дермектермен қамтамасыз ету мәселесі қатаң қадағалауда болуы тиіс. Алыпсатарлар мен алаяқтардың жолын кесу қажет. Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл мәселемен жедел түрде айналыспаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін.

13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл шешімді біреулер сынға алса, енді біреулер оны коронавирустан көз жұмғандарға деген «құрмет» дегенді айтуда. Бұл тұрғыда сіз қалай ойлайсыз?

– Халықтың денсаулығы – басты байлық. Мемлекет басшысы «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.  Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын» деді. Әділетті шешім. Бейбіт заманда ел-жұрт қынадай қырылып, қайғыдан қан жұтып жатыр. Әлемдік деңгейде індет кең тарап отыр. Біздің еліміздегі жағдайдың қандай екенін бәріңіз көріп, біліп отырсыздар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнап жасаған Үндеуінде бірқатар нақты  тапсырмалар берді. Мұның бәрі ең алдымен халықты аса қауіпті індеттен аман сақтап қалу үшін жасалып жатыр. Сондықтан, осынау сын сағатта бәрімізге тастай жұмылып, алапат індетке қарсы бірігіп күресуден басқа амал жоқ. Әр шаңырақ аман болсын! Әр әулет қара жамылмасын! Амандыққа ештеңе жетпейді!