«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты Конституция жобасына қолдау білдірді
Конституция жобасында азаматтардың құқықтары, отбасы құндылықтары, цифрлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау, қоғамдық қатысу мен инновациялық даму мәселелері қарастырылған
Астанада «ҚР Конституциясының жобасына әйелдердің көзқарасы: құқықтар, теңдік, қатысу» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, сондай-ақ азаматтық қоғам мен партияның әйелдер қанатының жетекшілері мен мүшелері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«AMANAT» партиясының хатшысы әрі Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова жаңа Конституция жобасының әйелдер үшін маңыздылығын атап өтті. Ол Конституцияның тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін негізгі қоғамдық келісім екенін, азаматтардың білім алу, еңбек ету, басқаруға қатысу, шешім қабылдау және денсаулық сақтау құқықтарын нақты бекітетінін айтты.
«Жаңа Конституция жобасында азаматтардың білім алуға, еңбек етуге, басқаруға, шешім қабылдауға және денсаулық сақтау жүйесіне қатысу құқықтары нақты бекітіледі. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер арқылы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы, ашық диалог тетіктері қарастырылып, ең алдымен әйелдердің пікірін ескеруге басымдық берілгені айқын көрінеді. Конституция жобасының негізінде отбасы, ана мен бала мәселесі басты назарда. Отбасының әйел мен ер адам арасындағы ерікті әрі тең құқықты одақ ретінде танылуы, оның әлеуметтік қорғалуы – әйелдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының берік негізі. Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда және цифрлық дәуірде әйелдің жеке деректерінің қорғалуы ерекше маңызға ие. Жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес мәліметтердің қауіпсіздігі – бүгінгі әйел үшін ғана емес, әрбір азамат үшін өзекті мәселе», - деді ол.
Әйелдер қанатының төрайымы білім, ғылым және денсаулық сақтау салалары елімізде әйелдер ең көп еңбек ететін бағыттар екенін атап өтті.
«Бүгінде ғылым саласында қызмет ететіндердің 51 пайыздан астамы – әйелдер. Ал білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін мамандардың басым көпшілігі – әйел азаматтар. Сондықтан балалардың, ұл мен қыздың білім мен медицинаға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету – Конституцияның басты басымдықтарының бірі. Мұның барлығы стратегиялық маңызы бар бағыттар және оларды әйелдің болашағына салынған инвестиция деп айтуға толық негіз бар. Сол себепті біз Конституция жобасын жай ғана таныстырып қоймай, оны әйелдің көзімен, әйелдің тағдыры және әйелдің жауапкершілігі тұрғысынан қараймыз. Конституция – еліміздің әрбір азаматы өмір сүретін, еңбек ететін, бала тәрбиелейтін, мансап құратын және қоғамдық өмірге араласатын негізгі ережелер жиынтығы. Оның мазмұны азаматтың қаншалықты қорғалғанына, құқықтарының кепілдігіне, әлеуметтік қолдауға, білім мен денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділігіне тікелей байланысты. Бұл – адамның ертеңгі күнге деген сенімі мен қауіпсіздік сезімін қалыптастыратын факторлар. Әйелдердің қоғамдық жобаларда, саясатта және басқару жүйесінде кеңінен ұсынылуы да конституциялық деңгейдегі мәселе екеніні еске салған жөн. Бүгінде партияның әйелдер қанаты қоғамдық үдерістерге белсенді қатысып, ел өміріне бейжай қарамайтынын нақты іспен көрсетіп келеді», - деді ол.
Шолпан Каринованың айтуынша, жаңа Конституция жобасында отбасы құндылықтары, мемлекеттің отбасын қолдау жауапкершілігі, анаға құрмет және гендерлік теңдік тұрақты дамудың берік іргетасы ретінде қарастырылған. Осы орайда жеке деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы ерекше маңызға ие.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық комиссияның мүшесі Үнзила Шапақ Конституциялық комиссия жұмысына қатысты ақпарат берді. Ол жаңа Конституция жобасының 11 бөлім және 95 баптан тұратынын, жобада құрылымдық өзгерістер енгізілгенін және әйелдер қанатының комиссияда белсенді рөл атқарып отырғанын айтты.
«Конституциялық комиссия құрамында «AMANAT» партиясының әйелдер қанатынан үш өкіл бар. Бұл – біздің, әйелдер қанатының, дауысы комиссияда толыққанды естіліп отырғанын көрсетеді. Біз талқылауларға белсенді қатысып, өз ұстанымымызды ашық айтып келеміз. Біздің ұсынып отырған барлық ұсыныстар ашық талқылау алаңында қаралып жатыр. Сіздер мұны тікелей эфирлерден, комиссия отырыстарының ашық форматта өтіп жатқанынан көріп отырсыздар. Комиссия жұмысы үш кіші топқа бөлініп жүргізілуде. Осы топтардың барлығында әйелдер қанатының өкілдері өте салмақты, мазмұнды әрі кәсіби пікірлерін білдіріп келеді», - деді ол.

Депутат Конституция жобасындағы өзгерістерді түсіндіріп өтті.
«Бұрын қолданыстағы Конституцияда республиканың қызметінің түбегейлі қағидаттары 1-бапта көрсетілсе, жаңа жобада бұл нормалар жеке бөлініп, 3-бапқа енгізілді. Бұл бапқа өңірлерде жиі көтеріліп жүрген көптеген маңызды мәселелер толық қамтылды. Жаңа жобада құрылымдық өзгерістер де бар. Бұрын «конституциялық құрылыстың негіздері» деген жеке тарау болмаған еді, ал жаңа Конституцияда бұл арнайы бөлім ретінде енгізілді. Онда биліктің негізгі қағидаттары мен мемлекеттің басты құндылықтары айқындалған. Одан кейін адам құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ міндеттері жеке бөлімде қарастырылды. Бұл өзгерістер халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Жалпы, Конституция жобасында ұлттық құндылықтарға ерекше мән берілген. Қазақ жерінде өмір сүрген мемлекеттердің тарихи сабақтастығы, еліміздің сол мемлекеттердің мұрагері екені нақты көрсетілген. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау қағидаты бекітілген. «Мүлтіксіз» деген ұғымға ерекше назар аудару қажет, өйткені құқық, бостандық және жауапкершілік – Конституцияның басынан соңына дейін қатар жүретін негізгі ұстанымдар. Конституцияның бұрынғы 4-бабында көрсетілген «қолданылатын құқық» нормасына өзгеріс енгізілген жоқ. Алайда халықаралық міндеттемелерді орындау кезінде олардың Конституцияға сәйкестігі ескерілетіні нақты айтылды. Бұл Қазақстан халықаралық міндеттемелерден бас тартады дегенді білдірмейді, керісінше, оларды ұлттық мүддеге сәйкес орындау тетігін нақтылау болып табылады. Бұл халықаралық деңгейде қойылатын талаптарға қайшы келмейді және екіұшты түсінік туғызбайды», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы парламенттік реформадан бастау алғанымен, конституциялық тұрақтылықты бұзбаған. Ол эволюциялық жолмен, ешқандай дағдарыссыз жүзеге асырылып келеді. Парламенттік реформа аясында 600-ге жуық ұсыныс қаралды, ал жалпы саны 1200-ден астам ұсыныс түсті. Барлығы жүйеленіп, бөлімдерге бөлініп, егжей-тегжейлі талданды.
Дискриминацияға қатысты ұсыныстар да кеңінен талқыланған. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі көтерілді. Бұл тақырып әлі де ғылыми әрі құқықтық тұрғыда зерделеніп жатыр, өйткені Конституцияға енгізілетін әрбір норма кейінгі үш мыңнан астам заңға тікелей әсер етеді. Депутат көтерілген барлық мәселелер ескерілгенін және талқылау процесі әлі де жалғасып жатқанын айтты.
Депутат Екатерина Смышляева цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау және хат алмасудың құпиялығы мәселесін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда бұл құқықтар алғаш рет конституциялық деңгейде нақты бекітілуде, бұл азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар инновациялар мен технологиялық дамуға басымдық беру де мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылған.

«Бұл мәселе талқылауға ұсынылған практикалық күн тәртібінен кем түспейтін маңызды тақырыптардың бірі. Себебі әлемдегі барлық Конституциялар – базалық заңдар. Олар өте сирек өзгереді және әрқашан аса сақтықпен жаңартылады. Алайда осы базалық заңдардың көпшілігі индустриялық дәуірде қабылданған. Ол кезде бүгінгідей цифрлық әлем болған жоқ, цифрлық технологиялар мұндай ауқымда енгізілмеді, жасанды интеллект ұғымы да кең тараған жоқ, цифрлық алаяқтықтың қазіргі деңгейін елестету мүмкін емес еді. Ал бүгін біз цифрландыру дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Қаласақ та, қаламасақ та, одан оқшауланып, технологиялық дамудан тыс қалу мүмкін емес. Біз бұл кеңістікке әлдеқашан терең ендік. Сондықтан еліміздің Негізгі заңында да бір жағынан азаматтарды қорғауға, екінші жағынан жаңа жаһандық шындықта дамуға мүмкіндік беретін негізгі қағидаттарды бекіту қажеттігі туындады. Осы орайда бірнеше аса маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, Конституцияда алғаш рет жеке деректерді қорғау құқығы нақты көрсетіліп отыр. Жеке өмірге қол сұқпаушылық пен құпиялылық құқығы бұған дейін де негізгі құқықтардың бірі болғаны белгілі. Кейбір елдердің Конституцияларында, мысалы Португалияда 1976 жылы-ақ жеке деректердің құпиялылығы туралы айтылған. Алайда ол кезде мәселе қағаз жүзіндегі деректер туралы болған. Ал бүгін жеке деректер қағазда да, цифрлық форматта да сақталады. Сондықтан біз алғаш рет жеке деректерді қорғаудың цифрлық қырына ерекше мән беріп, оны конституциялық деңгейде бекітіп отырмыз», - деді ол.
Депутат жеке деректерді қорғау құқығының неліктен маңызды екенін түсіндірді.
«Бұл неге маңызды? Өйткені бүгінде әрқайсымыз орасан зор көлемде жеке дерек өндіреміз. Смартфондар, бейнежазбалар, геолокация, көлікпен жүру, түрлі гаджеттер мен телеметриялық құрылғылар – мұның барлығы адамның жеке деректерін қалыптастырады. Жеке деректер – ажырамас жеке билік, оны сату мүмкін емес. Кейде «жеке деректердің саудасы жүріп жатыр» деген пікір айтылады, алайда шын мәнінде сауда деректің өзімен емес, оған қол жеткізу құқығымен ғана байланысты, әрі ол көбіне заңсыз түрде жүзеге асады. Кейбір жеке деректер өзгеруі мүмкін, алайда биометриялық деректер – бет-бейне, саусақ ізі сияқты мәліметтер ешқашан өзгермейді. Сондықтан мұндай аса сезімтал деректердің әшкереленуі өте қауіпті. Себебі цифрлық жүйелерде адамның «сандық көшірмесі» қалыптасады. Яғни, физикалық өмірмен қатар адамның цифрлық бейнесі өмір сүре бастайды. Ал осы деректер ұрланған жағдайда түрлі алаяқтық әрекеттер мен манипуляциялар орын алуы мүмкін. Цифрландыру тереңдеген сайын бұл қауіп те арта түседі. Біздің партиялық күн тәртібімізде жеке деректерді қорғау мәселесі үнемі басты назарда болды. Соңғы бірнеше жылда жеке деректерді қорғауды күшейтуге бағытталған бес ірі түзету пакеті қабылданды. Бұл институттың басқарылуын нығайттық. Алдағы уақытта «азаматтың цифрлық кеңістігі» қалыптасады, онда әр адам өз деректеріне кім, қашан және қандай мақсатта қол жеткізгенін көре алады. Осы тұрғыда Конституцияда жеке деректерді қорғау құқығының бекітілуі – осы бағыттағы барлық кейінгі заңнамалық және институционалдық бастамалардың берік іргетасы. Бұл – өзінің құқықтық табиғаты жағынан бұрын қабылданған барлық салалық нормалардан жоғары тұратын, анағұрлым күшті және қорғалатын құқық», - деді Екатерина Смышляева.
Ол цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғауды Конституция деңгейінде бекіткен алғашқы елдердің бірі екенімізді еске салды. Сондықтан бұл норма – адам құқықтарын нығайтатын маңызды қадам.
«Екінші маңызды мәселе – хат алмасу құпиясына қатысты норманың нақтылай түсуі. Конституция мәтінінде хат-хабар алмасудың құпиялығы, оның ішінде цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асатын байланыс та қамтылатыны арнайы көрсетілді. Бұл телефон сөйлесулері, мессенджерлердегі хаттар және өзге де цифрлық форматтағы байланыс түрлері толық қорғалуы тиіс дегенді білдіреді. Бүгінде хат алмасудың басым бөлігі цифрлық ортаға көшкенін ескерсек, бұл да аса өзекті әрі прогрессивті норма. Бұл бағытта Германия (2008 жыл), кейінірек Франция мен Испания да цифрлық хат алмасудың құпиялығын конституциялық деңгейде зерттеп, қорғау тетіктерін күшейтті. Осы тұрғыда біз де жеке кеңістікті қорғауға аса мұқият қарайтын прогрессивті елдердің қатарындамыз»,- деді депутат.
Конституциялық комиссия мүшесі Вера Ким жаңа Конституция жобасының әзірлену процесінің ашықтығын атап өтті. Ол Халық кеңесінің құрылуы қоғам мен мемлекеттің стратегиялық мәселелерді бірлесіп талқылауына мүмкіндік беретіні, қоғамға заңнамалық бастамаларды көтеру құқығы берілгенін айтты.

«Комиссияның жұмысы толықтай ашық форматта жүргізілуде. Барлық отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп, кеңінен талқыланып жатыр. Бұл тек комиссия алаңында ғана емес, басқа да қоғамдық платформаларда жалғасуда. Мұның өзі жаңа Конституцияны әзірлеу процесінің ашықтығы мен жариялылығын айқын дәлелдейді. Осы уақыт ішінде азаматтардан, қоғамдық бірлестіктерден, саяси партиялардан және сарапшылардан шамамен 4 мыңға жуық ұсыныс түсті. Бұл ұсыныстар әлі де қабылданып жатыр, талқылау тоқтаған жоқ. Мұндай тәсіл Конституцияның қоғаммен диалог арқылы қалыптасып жатқанын, жабық кабинетте қабылданып жатқан құжат емес екенін көрсетеді. Қазіргі таңда талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім және 95 бап бар. Ал қолданыстағы Конституцияда 9 бөлім және 101 бап болған. Жалпы алғанда, 77 бапқа өзгеріс енгізілген, бұл Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызын құрайды. Сондықтан бүгін біз қолданыстағы Конституцияға түзетулер енгізу емес, мазмұны жағынан мүлде жаңа Конституция қабылдау туралы айтып отырмыз. Бұрын Конституция – тек заңгерлер мен саясаткерлердің ісі деген пікір жиі айтылатын. Бүгін біз мүлде басқа үрдісті көріп отырмыз. Қоғамдық талқылауға түрлі жастағы, әртүрлі мамандықтағы азаматтар белсенді қатысуда», - деді ол.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Жұлдызай Искакова отбасылық саясатқа қатысты деректерді ұсынды.
«Қазақстанның қоғамдық дамуы Институттың құрамында Отбасы және гендерлік саясат орталығы жұмыс істейді, ол әр екі жыл сайын «Қазақстандық отбасылар» атты Ұлттық баяндаманы дайындайды. 2019 жылдан бастап отбасы, некелер және гендерлік саясат институты жүйелі түрде зерттеліп келеді. Біз енді әртүрлі деректерге ғана сүйенбей, отбасын кешенді және тұрақты түрде талдаймыз. Қазақстандықтар бақытты отбасы дегенді қалай түсінеді: сауалнамаға қатысқандардың 61,3%-ы үшін бақытты отбасы болудың негізгі шарты - некенің ресми тіркелуі. 73,4%-ы үшін отбасының тұрақтылығы мен ұзақ мерзімділігі маңызды. Шамамен 72% респонденттердің пікірінше, бақытты отбасы - ең алдымен толық отбасы, яғни балада екі ата-ана бар. Қазіргі қоғамда маңызды өзгеріс байқалады, Отбасылық қатынастардың сапасына көп көңіл бөлінуде. Қамқорлық, өзара құрмет және қолдау - отбасылық құндылық ретінде 63% респонденттер үшін маңызды, ал 88% бұл көрсеткіштерді бақытты отбасының міндетті шарты деп есептейді. Айтатын тағы бір маңызды жайт бар. Мемлекет басшысы бұрынғыдан келе жатқан дәстүр ретінде қыз алып қашу тәжірибесін сынға алды. Біздің деректерге сәйкес, қазақстандықтардың 68%-ы мұндай дәстүрге қарсы, 2023 және 2025 жылдардағы зерттеулер көрсеткендей, екі жыл ішінде бұл тәжірибеге оң көзқарас танытатындардың үлесі 16,5%-ға азайды. Егер бұрын 26,2% респондент бұл тәжірибені қолдаса, қазір тек 9,8% қолдап отыр. Сонымен қатар, отбасылық институтта маңызды трансформациялар жүріп жатыр. Біріншіден, некеге тұру жасы орта есеппен өсуде. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары шамамен он жылға артты. Бұл позитивті ме, негативті ме деп айту қиын. Бір жағынан, адамдар неке туралы саналы шешім қабылдайды, екінші жағынан, алдымен білім алып, тұрақты жұмыс табуды қалайды. Бірақ бұл фактіні ескеру қажет. Сонымен қатар, бірінші баланы туу жасы да, ана жасы да өсуде», - деді ол.
Жұлдызай Искакова Қазақстан әлемде ажырасу бойынша көшбасшы деген пікірдің миф екенін айтты. Бұл мәлімет бір американдық дереккөзге сүйенген және Қазақстан екінші орында деп көрсеткен. Ұлттық статистика бұл деректерді растамайды. 2024 жылғы деректер бойынша Қазақстандағы ажырасу коэффициенті 2,01. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеді.
Дөңгелек үстел барысында спикерлер жаңа Конституция жобасының әйелдердің құқықтарын қорғауға, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар цифрлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау, отбасы құндылықтарын сақтау, инновациялар мен ғылымға басымдық беруді стратегиялық маңызды бағыттар ретінде қарастырды. «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты Конституция жобасына қолдау білдірді.