Қазақстанның теміржолшыларына арналған арзан ипотека: үйді кім және қандай шарттармен ала алады

Автор: Нұргүл Абай

Қазір компания үйге мұқтаж қызметкерлердің нақты санын анықтап жатыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржолшылар үшін қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. Баспанаға мұқтаж қызметкерлерге пәтер жеңілдетілген ипотекамен сатылады. Бұл туралы компанияның Azattyq Rýhy редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтылған.

2025 жылғы 31 қазанда «ҚТЖ» ұлттық компаниясы, Отбасы банк және «Объектілерді салу жөніндегі компания» корпоративтік қоры «Қолжетімді тұрғын үй» пилоттық жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойған. Қазір осы жоба аясында теміржолшыларға арналған баспана салу үшін дайындық және жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Ал тұрғын үйлердің құрылысы барлық рәсім аяқталып, жер телімдеріне қатысты әкімдіктердің келісімі алынған соң басталмақ.

ҚТЖ тұрғын үйді өз ақшасына салады

Компания қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер мамандар жетіспейтін, кадрлар жиі ауысатын және теміржол саласы үшін маңызды кәсіптер шоғырланған өңірлерде салынады. Яғни, ең алдымен баспанаға шын мәнінде мұқтаж аймақтарға басымдық беріледі.

ҚТЖ үйлерді сырттан қосымша қаражат тартпай, компанияның қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып өз ақшасына салуды жоспарлап отыр.

Арзан несие

Баспана, ең алдымен, негізгі өндірісте жұмыс істейтін, сондай-ақ еңбек жағдайы ауыр әрі қауіпті мамандық иелеріне ұсынылады. Кімнің үй алатыны әділ әрі ашық анықталуы үшін ҚТЖ-да арнайы алқалы орган құрылып, балдық жүйеге негізделген іріктеу тәртібі бекітілген. Яғни қызметкердің теміржол саласында қанша жыл еңбек ететіні және басқа да көрсеткіштер есепке алынады.

«Тұрғын үйді сату жеңілдетілген ипотекалық кредит беру жолымен жүзеге асырылады», - деп атап өтті ұлттық компания.

ҚТЖ ипотеканың пайызы бен бастапқы жарна мөлшерін нақтыламады.

Бүгінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының өндірістік персоналы шамамен 107 мың қызметкерден тұрады. Қазір компания тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлердің нақты санын анықтау үшін талдау жүргізіп жатқан көрінеді.

Теміржолшылардың жалақысы өсе ме?

ҚТЖ ақпаратынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік персоналдың орташа жалақысы 550 мың теңге болған. Былтыр компания қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы пен тарифтік мөлшерлемелер 7 пайызға көтерілген. Осылайша сыйақылар мен қосымша ынталандыру төлемдерінің нәтижесінде теміржолшылардың орташа айлығы 2024 жылмен салыстырғанда 16 пайызға өскен.

Ал 2026 жылы ұлттық компания теміржолшылардың жалақысын тағы 6 пайызға өсіруді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, компанияның қаржылық мүмкіндігіне қарай қосымша ынталандыру шаралары да қарастырылуы мүмкін.

Естеріңізге салайық, биыл 16 қаңтарда президент «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Талғат Алдыбергеновті қабылдаған болатын. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын құптаған еді.