$ 510.95  594.49  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 15:51
Қоғам

Қазақстанда теміржолшылар үшін қолжетімді баспана салынады

Президент игі бастаманы қолдаған

Қазақстанда теміржолшылар үшін қолжетімді баспана салынады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. Кездесу барысында президент теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын құптады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдыбергенов Тоқаевқа компанияның өткен жылы атқарған қызметінің нәтижелері жөнінде мәлімет беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.

ҚТЖ басшысының ақпаратынша, тарифтік жүк айналымы 10 пайызға артып, 289 миллиард тонна-шақырымды құраған. Тасымал көлемі 5,5 пайызға ұлғайып, 320 миллион тоннаға дейін жеткен. Экспорттық тасымал 89 миллион тоннадан асты. Жүк транзиті 20 пайыздан астам өсіп, 33 миллион тонна болды. Ал былтыр пайдалануға берілген Достық – Мойынты темір жолының екінші желісі арқылы 6 миллион тонна немесе 100 мың вагоннан аса жүк жеткізілген.

Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдағы техникалық қозғалысқа рұқсат етілді. Теміржол инфрақұрылымдарын тарту және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы ұзындығы 3900 шақырымды құрайды.

Бұған қоса ол компания қызметінде қауіпсіздікті, тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасанды интеллектіні енгізу арқылы цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Тәлімгерлік институты жолға қойылып, жастар кадрлық резерві жасақталған.

«Президент әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын құптады», - делінген Ақорда хабарламасында.

Тоқаев «Қазақстан темір жолы» компаниясын трансформациялауды жалғастыру, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты нығайту, цифрлық шешімдерді енгізу, мультимодальдық логистиканы дамыту мақсатында инфрақұрылымдарды кеңейту жөнінде тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары