Туристер сирек баратын, бірақ әлеуеті жоғары локацияларға басымдық беріледі
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туристік және рекреациялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін ұзақ мерзімге жалға беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша Бурабай курорты аумағында қонақ үйлер, этноауылдар және демалысқа арналған түрлі туристік нысандар салуға жол ашылады.
Бұл бастама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа туристік аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Ақбура», Жүкей көлі, Қатаркөл және Текекөл сияқты аумақтарды дамыту көзделген. Осы мақсатта «Бурабай» ұлттық паркі туристер сирек баратын, бірақ болашағы зор жерлерді таңдап, инвесторлар үшін арнайы жер телімдерін дайындап жатыр.
Ұлттық парк жер учаскелері қолданыстағы заңнамаға сай, барлық экологиялық талап пен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғау режимдерін ескере отырып берілетінін атап өтті.
Жер учаскелерін беру тәртібі мен жалға алу шарттары туралы толық ақпарат парктің ресми сайтында жарияланады.