Мақтаарал ауданындағы үйлердің құрылысы 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс – Өмірзақ Шөкеев

Автор: Azattyq Rýhy

Аудандағы бірнеше ауылды мамыр айында су шайып кеткен болатын

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқыны салдарынан үйсіз қалған жүздеген отбасы 1 тамызға дейін баспаналы болады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Мамыр айында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында болған апаттан Қазақстанның оңтүстігіндегі ондаған ауыл су астында қалған болатын.

«Өндірістік кестеге сай бақылау жұмыстарын күшейтіп, мердігерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керек. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың құрылысы да назардан тыс қалмауы қажет. Аталған жұмыстар өз мерзімінде аяқталуына тиіс», – деді өңір басшысы.

Тасқын судан Мақтаарал ауданында 5 елдімекенде орналасқан 866 тұрғын үй зардап шекті. Атап айтқанда, Жеңіс ауылында – 270 үй, Жаңатұрмыста – 52 үй, Достық ауылында – 21, Өргебаста – 207 үй, Фирдаусиде – 316 үй.

Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекен тұрғындарының келісімі бойынша, Мырзакент кентінде 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 196 тұрғын үй – мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үй «Б. Өтемуратов», «Салиқалы ұрпақ» және «Біз біргеміз» қайырымдылық қорларының есебінен салынуда. 200-дей үйде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.