Конституцияда «Ұлттық Құрылтай» мен «Халық кеңесі» атауларын қазақ тілінде жазу маңызды – Анар Фасылжан
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры ұсынысын қолдауды сұрады
Конституциялық комиссияның бүгінгі отырысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фасылжан жаңа Конституцияны қазақ тілінде және орыс тілінде бір мезгілде әзірлеу ұсынысын қолдап, өз тарапынан екі ұсыныс айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, ол Конституцияның орыс тіліндегі мәтінінде «Ұлттық Құрылтай» және «Халық кеңесі» атауларын өзгеріссіз, қазақ тілінде жазуды ұсынды.
«Сонымен қатар, құрметті комиссия мүшелері, Ата Заң жобасын қазақ және орыс тілдерінде өз алдына бір мезгілде әзірлеу ұсынысын қолдаймын. Осы орайда Конституцияның орыс тіліндегі мәтінінде «Ұлттық Құрылтай» және «Халық кеңесі» атауларын қазақ тілінде жазуды маңызды деп санаймын. Себебі, заң шығару бастамашы құқығы бар ең жоғарғы өкілетті органдардың атауы қоғам санасында бір тілде, бір ұғымда қалыптасыуы керек», - дейді Фасылжан.
Ол мұндай тәжірибе біздің қазіргі жағдайда да бар екенін, төменгі палата - Мәжіліс атауы мемлекеттік тілде қолданылып келе жатқанын алға тартты.
«Сондықтан, осы үрдістің жалғасы ретінде «Ұлттық Құрылтай» және «Халық кеңесі» атауларын басқа тілдердегі аудармасыз, қазақ тіліндегі нұсқада бекіту қисынды деп санаймын. Осы ұсынысымды қолдауды сұраймын», - деді Фасылжан.