Жүк көлігімен қарсы бағытқа шығып, төрт адамның өліміне себеп болған: Ақтөбеде сот жүргізушіні ақтап алды
Қайғылы оқиға Самара – Шымкент автожолында болды
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен сотталушы И.-ге қатысты қылмыстық істі қарады. Ер адамға жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда төрт адамның өліміне әкеп соқтырды деген айып тағылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының нұсқасына сәйкес, ер адам жүк көлігін басқарып келе жатып, Самара – Шымкент автожолының 921-шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жеңіл автокөлікпен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктегі төрт жолаушы қаза тапқан, жүргізуші орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған. Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, алқабилер соты бір судья мен он алқабиден тұрады. Әрқайсысының бір дауыс беру құқығы бар. Шешім көпшілік дауыспен қабылданады.
Істі қарау қорытындысы бойынша алқабилер көпшілік дауыспен сотталушыны кінәсіз деп таныды. Оның әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан, ол ақталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жіберілген заңбұзушылықтар фактілері бойынша сот жеке қаулы шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.